18 сәу, 2017 сағат 10:08

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созу – борышымыз

Мұхтар Құл-Мұхаммед партиялықтарға табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мұндай тапсырманы ол бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдары және департамент басшыларымен өткен кеңейтілген отырыста берді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед тап осындай қиын жағдайда біздің халықтың бойындағы қайырымдылық, өзара көмек пен рақымшылық сияқты асыл қасиеттердің аса маңызды қызмет атқаратынын атап өтті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қазақстандықтардың осындай қиындыққа тап болған отандастарының жағдайына бей-жай қарамайтынына сенім білдірді.

«Нұр Отан» партиясы бұл қайырымды, сауабы мол істе көпке үлгі болуы тиіс. Су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созу – біздің азаматтық абзал борышымыз. Сондықтан жергілікті жерлерде осы бағыттағы жұмысты жедел әрі жүйелі ұйымдастыруымыз керек», – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.