16 нау, 2020 сағат 12:51

Миллиардер Джек Ма Америкаға 1 млн маска сыйға тартты

Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Ма АҚШ-қа медициналық маска мен коронавирусты анықтайтын тестілерді сыйға тартты, деп жазады ВВС.

Қытай миллиардері Twitter-дегі парақшасына Шанхайда тұрған жүк ұшағының фотосын жариялады. Бұған дейін ол Америкаға 500 мың тест пен 1 миллион маска сыйға тартатынын мәлім еткен еді. 

«Джек Ма Еуропаға да бірқатар медикаменттер жіберіп жатыр. Ол пандемиямен күресу үшін халықаралық ынтымақтастыққа шақырды», - деп жазады ВВС. 

Оның айтуынша, компания Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Иран мен Испанияға да медикаменттер жеткізген. Сонымен қатар қазіргі таңда бүкіл Еуропаға тарату үшін 2 млн маска дайындап жатыр. 

Айта кету керек, бұған дейін Microsoft компаниясының негізін қалаған Билл Гейтс пен әйелі Мелинда Гейтс вирустың таралуын тоқтатумен күресу шараларына 100 млн доллар бөлетінін хабарлаған еді.