15 ақп, 2017 сағат 14:14

Машкевич ERG-ның $3 миллиард көлеміндегі банктік берешегін қайтаруды кейінге шегерді

Табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы мен ВТБ банк қаржыландыру талаптарын өзгерту туралы қосымша келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Еуразиялық Топ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қосымша келісім ERG Тобының ВТБ алдындағы 3 млрд АҚШ доллары көлеміндегі негізгі берешегін қайтару мерзімін 2022 жылға дейін шегеру, берешекті өтеу кестесін өзгерту мен ковенанттық пакетті оңтайландыруды қамтиды.  

Жаңа параметрлер (келісімде қамтылған бірқатар шарттар орындалған жағдайда) 2017 жылы күшіне еніп, Eurasian Resources Group ликвидтілігін арттыруы тиіс.

«Топ трансформациялана бастаған 2014 жылдан бері біз толайым табыстарға қол жеткіздік. Атап айтқанда, бизнестің тиімділігін арттырып, шығындарды оңтайландырдық, мейлінше нарыққа икемді болып, бәсекеге қабілеттілігімізді арттырдық. 2016 жылы Топ EBITDA табыстылығын арттыра түскені қуантады. Біз серіктестерімізге, бірінші кезекте ВТБ банкіндегі әріптестерімізге ұзақмерзімді серіктестік пен бизнес жүргізудегі іскерлігі үшін алғыс айтамыз», - деді Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Оның сөзінше, қазіргі таңда ERG нарықтағы көшбасшылардың бірі ретінде қызметінің тиімділігін арттырып, алюминий, темір кені, ферроқорытпалар, мыс пен кобальт, электр қуатын өндіру салаларындағы перспективалы инвестициялық жобаларды дамытып келеді.

«Компания қызмет атқаратын негізгі өңірлер - Қазақстан, Африка мен Бразилияда осындай бәсекеге қабілетті  портфельдер қалыптастырылды»,- деп түйіндеді  сөзін  А. Машкевич.