31 шіл, 2019 сағат 14:44

Маңғыстау облысындағы арнайы операция: 17 адам қолға түсті

Маңғыстау облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері құрықталды, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қыметі.

Ведомство бірнеше ай бойы ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Маңғыстау облысындағы ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты жедел тексеру іс-шараларын жүзеге асырған.

Соның нәтижесінде ұйымдасқан топ мүшелерінің ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау, қарақшылық шабуыл жасау және басқа да қылмыстарға қатысы бары анықталған екен.

"Биыл 29 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігі ауқымды арнайы операция өткізді. Операция барысында Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында бір уақытта төрт түрлі топтан 17 адам ұсталды", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Ұсталғандардың мекенжайын тінту кезінде үш тапанша, дыбыс бәсеңдеткіш, сегіз шолақ мылтық, "Сайга" карабині, ұсақ калибрлі винтовка, бес травматикалық тапанша, 218 дана оқ-дәрі, түрлі суық қарулар (пышақтар, кастеттер және тағы басқалары) табылып, заттай айғақ ретінде алыныпты.

Қазір қос ведомство бірлесіп құрған жедел тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.