08 қаз, 2018 сағат 07:08

Мәдениет қайраткері Мақсат Мұхитденов туралы не білеміз?

Әдетте өнер әлемін халық тек көзге түсіп жүрген өнерпаздар арқылы білсе, керісінше шымылдықтың арғы бетіндегі өнерді жасайтындар, әрлейтіндер және халыққа ұсынатындарды, яғни дыбыс режиссерларын, операторларды біле бермейді. Бүгін сіздерге қазақ өнерінде ерекше орны бар, бүкіл өнер әлемінің саңлақтары бағалай білетін, қазақ өнерінің марқасқасы, дыбыс режиссері, мәдениет қайраткері Мақсат Зайлағиұлы Мұхитденов туралы сыр шертуді жөн көріп отырмын. 

Қазақ өнерінінің қай саласын алыңыз, ол мейлі дәстүрлі ән-күй болсын, эстрада, не опера саласы болсын Мақсат Байлы, яғни Мақсат Мұхитденовтың алатын орны ерекеше.

Мақсат Мұхитденов 1965 – 1967 жж. Алматы эстрада студиясын бітіргеннен кейін, 1967-1974 жылдары алдын Орал облыстық филармониясында, кейін ҚазССР Мемлекеттік ән-би ансамблінің әншісі болып жұмыс істеді. Сол кезде жазылған әндері қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы.

Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған заманда, 1970 жылдары Қазақстанда жалғыз «Алматы граммофонға дыбыс жазу студиясы» құрылған болатын. Оған дейін өнерпаздар тек Москвадағы «Мелодия» фирмасына, немесе Ташкентке барып жазылатын. Құлақтының құрышын қандырар ерекше әсем қоңыр даусы бола тұра Мақсат аға әншілік өнерді тастап осы студияға 1972 жылы дыбыс режиссері болып жұмысқа кірісіп, 1991 жылы – Кеңес Одағы ыдырағанға дейін жұмыс істейді. Сол дәуірдегі бүкіл Қазақстан Республикасымен қоса Алтай өңірі, Қырғыз Республикасындағы кәсіби шеберлердің орындауындағы жауһар ән-күйлердің бай алтын қорын жоғары шеберлікпен, тек өзіне ғана тән мәнермен магнитті таспаға түсірді. Одан кейін де «Алматы телефильмінің» қабырғасында жүріп бірнеше творчестволық портреттер (А.Әшімовтың, Ф.Шәріпованың және т.б.) жасап, көптеген құжаттық фильмдерді дыбыспен әрледі. Қазіргі таңда ол жәдігерлер Орталық мемлекеттік киноқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында мәңгі сақтаулы тұр.

Мақсат Мұхитденовтың 40-жыл бойғы еңбек жолындағы еңбектері – Дина Нұрпейісованың өз орындауындағы шығармалары, Күләш Байсейітованың орындаған әндері (оларды өңдеп, таспаға түсіру, соның арқасында біз ол кісілердің даусын естіп жүрміз), Роза Бағланованың, Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбановалардың шығармалары, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Жүсіпбек Елебековтың, Қалижан Тілеуовтың, Лұқпан Мұхитовтың, Қалампыр Рахимованың, Әбікен Қасеновтың, ағайынды Абдуллиндердің, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, сонымен қатар Құрманғазы атындағы, «Сазген сазы», Атырау халық аспаптар оркестрлерінің және т.б. күйтабақтарына қоса – қазіргі заманғы жас әншілер мен орындаушылардың тізімін шексіз толтыра беруге болады.

Жалпы Мақаң дыбыс жазу өнерінің қыр-сырын жоғары деңгейде меңгерген, қазақ өнеріне жаңа заманғы сандық күйтабаққа жазу өнерін алғаш енгізген, сонымен қатар өзінен кейін көптеген шәкірттер тәрбиелей білген нағыз қазақ өнерінің тарланы.

Әсіресе, Мақсат ағаның қырғыз мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мақаң 70-ші жылдары Бүкілодақтық грамофонға жазу «Мелодия» фирмасымен қырғыз мәдениетінің ортасына көпір сала білді.

Мақсат аға қырғыз радиосының алтын қорындағы ақындар мен манасшылардың, қобызшылар мен жыршылардың, қияқшылар мен түрлі саладағы орындаушылардың репертуарларындағы өнер туындыларының граммпластинкаға жазуға келмейтін сапасы төмен фонограммаларын күн демей, түн демей тазалап (удаление технических погрешностей), тембрлерін түзеп, қайта өңдеп, оларды Москваға алып барып, грампластинкаға көшіріп жазып келетін.

Мақсат Мұхитденовтың көп жылдық қажымас еңбегінің, оның қырғыз халқына деген сый-құрметінің арқасында қырғыз өнеріндегі қайталанбас өнер туындылары мәңгі сақталып, қазіргі кезде олар әрбір қырғыз азаматының жүрегінен орын алған.  Өйткені 500-ден аса 350 сағаттық, жалпы тиражы 1,5 миллионға жақын грампластинкалардың топтамасы бір ел үшін аз олжа емес.

Мақсат аға пластинкаға түсірген өнер адамдарының ішінде ұлы манасшылар Саяқбай Молдобасандар, қобызшылар – Қарамолдо Орозов, Ыбырай Туманов, Шекербек Шеркулов, Асылбек Эшманбетов,  Муратаалы Күрөңкеев, Мейилкан Қозубекова, Болуш Мадазимов ж.б., ақындар – Осмонкул, Алымкул, Қалық, Ысмайыл, Токтоналы, Токтосун, Ашыралы, Тууганбай, Замирбектер, қияқшылар – Саид Бекмуратов, Толтой Мураталиевдер, сонымен қатар СССР-дің халық артистері – Болот Миңжылкыев, Токтоналы Сейталиев, Қайыргүл Сартбаева, Хусейн Мухтаров, Самара Токтакунова, Эстебес Турсуналиевдер, Қырғыз халық артистері Түгөлбай Қазақов, Асан Керимбаев, Эрмек Мойдунов, Улукмырза Полотов ж.б., Мемлекеттік симфониялық оркестрі, К.Орозов атындағы халық аспаптар оркестрінің репертуарлары, халық, эстрада әншілері бар.

2006 жылы Мақсат Мұхитденовтың 60 жасқа толған мерейтойына Қырғыз Республикасының Үкіметі «Қырғызстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер» атағын берді. Бұл атақты Қырғыз Республикасының халық артисі Түгөлбай Қазақов тапсырды.  

Мақсат ағаның ақындық өнерінің өзі бір төбе десек артық айтпаған болар едік. «Ақ кеме» (Б.Есентаева), «Арман-ай» (КешYOU тобы), «Тағдыр жолы» (Аша Матай), «Ақ желкен» (Дауыс Int.) әндері көптің көңілінен шығып жүр. 

 

Ұқсас жазбалар:

Баянның əкесі қызын cынағандарға жауап берді

Мақсат Мұхитденов. Баянды қолдасам - өз қызым!