02 қаз, 2018 сағат 15:37

Мәдениет министрлігі қызметкерлері науқас тілшіге бір күндік жалақысын аудармақ

Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлері бір күндік жалақыларын ауыр науқасқа шалдыққан спорт журналисі Галина Полеваяға аударатын болды. Осы орайда министр Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі спорт журналисіне ел болып көмектесу қажеттігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Галина Полевая - елімізде спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Бірнеше Олимпиада, Азия ойындарына қатысып, спортшыларымыздың жарқын жеңістерін көгілдір экран арқылы елге жеткізген Галинаның енді өзі де жеңіске жетуі тиіс. Мен бәрі жақсы болатынына сенемін», - деді министр. 

Айта кетсек, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, 6 қазан күні сағат 10.00-де «Столичный» саябағында Галина Полеваяны қолдау мақсатында жеңіл атлетикалық жүгіру (ерлер -2,5 км, әйелдер - 1,5 км) қайырымдылық шарасын ұйымдастыратынын хабарлаған болатын. 

Естеріңізде болса, біз журналист Галина Полеваяның ауыр науқасқа шалдығып, оның отбасы халықтан көмек сұрағанын жазған болатынбыз. Бүгінгі таңда Галинаға құны қымбат, шетелде жасалуы тиіс ота қажет. Шетелдік емхана аталған отаны 290 мың долларға бағалап отыр. Оның отбасы үшін бұл сома өте үлкен. Барлық тұрғындар мен қала қонақтары, БАҚ өкілдері аталған шараға белсене атсалыса алады. Жиналған қаражат журналистің отбасына табысталады.