#
#
Дүйсенбі 21/10/2019

Ләззат Танысбай отандық сериал өндірудегі басты проблемаларды атады

  • 11.09.2019
  • 0
  • 420

Отандық сериал өндірушілерде қандай мәселе бар? Олар мемлекеттен қандай жеңілдік сұрайды? Бұл сұраққа «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан он жыл бұрын тұңғыш «Ағайындылар» атты сериал түсірілді. Ол кезде сериал түсіру ешкімнің ойына келмейтін еді. Ақан Сатаевты барлығымыз да күштеп үгіттегеніміз есімде. Бірақ, арада 10 жыл өтсе де, сол «Ағайындылар» нөмірі бірінші сериал болып қалып отыр. Бұл, әрине, бір жағынан алаңдатады. Неліктен? Біз қаржыландыру туралы көп айтып жатырмыз. Бұл ретте бағаны ескеру керек. Он жыл бұрын ешкім бұл салаға жақындағысы келмеген еді. Ал бір ай бұрын сериал нарығындағы компанияларды жинап көрсек, 15 ірі компания жиналды. 10 жылдың ішінде нарықтың қалай дамып кеткенін осыдан-ақ есептей беріңіз», - деді Ләззат Танысбай елордада өтіп жатқан Astana Media Week шарасында.

Оның айтуынша, осы жылы бірінші рет Қазақстан сериал нарығында детектив жанрындағы сериал түсірілуде.

«Сериал өндірушілермен мәселелерін талқылаған кезде ең алдымен бәрі баға жайын айтады. Бәрі де салықтық жеңілдікті сұрайды. Өз кезегімізде телеарна тарапынан сериал түсірушілерге деген талаптарымыз, айтар сынымыз бар. Мен оларға «соңғы жылдары барлық арнада бір ұзын-сонар мелодрама жүріп жатқан секілді» деймін. Сол баяғы актерлар – шамамен 10-15 адам барлық сериалда түсе береді. Сол баяғы режиссерлер. Режиссердің стилін танып қойғаннан кейін көрерменнің көргісі де келмеуі мүмкін. Жуықта «Абай» сериалына конкурс жарияладық. Әлбетте, бұл өте зор жауапкершілік болғаннан кейін бұл сериалды түсіруден жасқаншақтап отырған жайымыз бар», - деді Ләззат Танысбай.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы «Абай» сериалы бойынша конкурсқа алты компания ғана өтініш білдіргенін айтады.

«Ол алты компанияның тек біреуінде ғана тарихи сериал түсіру тәжірибесі бар екен. Бұл бәріміз үшін үлкен проблема. Бәріне яғни, тәжірибе керек», - деді Ләззат Танысбай.

Еске сала кетсек, елордадағы «Қазмедиа» орталығында үш күнге созылатын Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға — Astana Media Week өтіп жатыр.

Astana Media Week-тің бірінші күні сериалдық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбымен және салық преференциялары, кино прокатының шарттары, мазмұны, фильм өнімінің шығармашылық деңгейі және оның демеушілер үшін тартымдылығы тақырыбымен ерекшеленеді.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар