#
#
Сейсенбі 21/01/2020

Қырғызстанның экс-премьері Сапар Исаков 15 жылға сотталды

  • 07.12.2019
  • 0
  • 224

6 желтоқсанда Бішкектегі Свердлов аудандық соты Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Ол Бішкектегі жылу электр станциясы (ЖЭС) жөндеу кезінде жемқорлық жасады деп айыпталған.

Бұл іс бойынша Исаковтан бөлек тағы 8 адам жауапқа тартылды. Экс-премьер Жанторо Сатыбалдиев 7,5 жылға; энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Айбек Қалиев 15 жылға; «Электр станциясы» компаниясының бұрынғы директоры Салайдин Авазов 11 жыл үш айға қамалды. Барлығының дүние мүлкі тәркіленді.

«Электр станциясы» компаниясы басшысының орынбасары болған Жолдошбек Назаров пен Бішкек ЖЭС-ін жөндеу тобының экс-басшысы Темирлан Бримкулов 2,5 жылға сотталды. Олар бұл жазаны тергеу изоляторында өтегендіктен қамаудан босады.

Бұрынғы қаржы министрі Ольга Лаврова мен экс-энергетика министрі Осмонбек Артыкбаевқа айыппұл салынды.

Исаков пен Сатыбалдиев сот шешімімен келіспейді. Олар апелляциялық шағым түсірмек.

Жауапқа тартылғандардың бәрі Қытай компаниясымен келісім жасаған кезде мемлекетке 111 миллион доллар шығын әкелді деп айыпталған.

Сапар Исаков Қырғызстан үкіметін Алмазбек Атамбаевтың президенттігі тұсында, 2017-2018 жылдары басқарған. Оған дейін президент әкімшілігінің басшысы, басшысының орынбасары қызметін атқарған. Исаков – Атамбаевпен «жақын қарым-қатынастағы» адамдардың бірі болған. Әскери прокуратура жемқорлық ісіне бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты да айыптайды.

Бішкек жылу электр станциясында жөндеу аяқталған соң бір ай өтпей, 2018 жылы қаңтарында ақау шығып, Бішкек қаласының жартысы жылусыз қалған еді. Осы оқиғадан кейін тергеу басталған.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар