15 нау, 2018 сағат 10:35

Қырғызстан Президенті Астанаға келді

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуіне қатысу үшін Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәртебелі мейманды елорда әуежайынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмғалиев қарсы алды.

Айта кетейік, бүгін елордада Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі өтеді. Түрікменстанда жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты бұл елден аталған жиынға Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысады.

Бұл бесжақты келіссөздердің Орталық Азияның барлық елі үшін ортақ мереке - Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің маңызы зор.