24 мау, 2017 сағат 17:17

Құрылтайға келген қазақ жастары арнайы бас қосты


Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Рухани жаңғыру және жастар» атты Қазақ жастарының І халықаралық форумы өтті.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы аясында ұйымдастырылған шараға «Нұр Отан» партиясы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мұрындық болды. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков және әлемнің 20-дан астам елінен келген қазақ жастары қатысты.

Форумды ашқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Біріккен Ұлттар Ұйымы дүние жүзіндегі 193 мемлекеттің басын қосады. Солардың ішінде кезінде бүкіл әлемді отарлық бөліске салып, жер жаһанға тараған ағылшын, испан, француз, португал, неміс және орыс сияқты алпауыт халықтар бар. Бірақ осы елдердің ешқайсысы арнайы бағдарлама жасап, қандастарын шетелден алдыртып жатқан жоқ. Бізбен тағдырлас Орталық Азия елдерінде де мұндай үрдіс кездеспейді. Тек Қазақстан ғана тәуелсіздік жылдары тағдыр тауқыметімен жер бетіне тарыдай шашыраған 1 миллионға жуық қандастарымызды атамекенге алдырды. Бұл қазақтың бақыты үшін туған Елбасымыздың өз халқы алдында сіңірген ерен еңбегі. Осыны әрбір қазақ ешқашан ұмытпауы керек», – деді.

Түркиядан келген қандасымыз, таэквондодан осы елдің чемпионы, Мұстафа Өзтүріктің лайықты ізбасары Ілияс Кәрім Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бүкіл түркі дүниесін елең еткізгенін айтты. Ол Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшу бастамасын толық қолдайтынын атап өтіп, жақында ғана Астана халықаралық әуежайына Елбасы есімінің берілуін зор қуанышпен қабылдағанын жеткізді.

Сонымен қатар форумда Италия, Швеция, Ирландия, Қытай, Моңғолия, Ресей және тағы басқа елдерден келген қазақ жастары сөз алды. Олар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңызы туралы айтып, ЭКСПО-2017 көрмесі еліміздің мәртебесін одан әрі асқақтатқанына ерекше назар аударды.

Ұлттық рухымызды көтеріп, елдің еңсесін тіктеу үшін осындай іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені болашақ – жастардікі. Сондықтан жас буынды бүгіннен бастап ұлттық құндылықтарға әбден қандырып, қазақы болмыста тәрбиелеуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде «Нұр Отан» партиясының бұл бастамасы өте құптарлық дүние.