07 жел, 2017 сағат 16:38

ҚР СІМ Иерусалим қаласының мәртебесіне қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Иерусалим қаласының мәртебесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Иерусалим қаласының мәртебесіне қатысты жағдайдың шиеленісуіне орай өз алаңдаушылығын білдіреді және барлық мүдделі тараптарды ұстамдылыққа шақырады», делінген хабарламада.

ҚР СІМ БҰҰ қарарлары негізінде палестиндік-израильдік реттеуге қолдауын растайды.

«Иерусалимнің қазіргі мәртебесінің сақталуын жақтай отырып, Қазақстан халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы және Қауіпсіздік Кеңесінің 181 (1947), 242 (1967), 338 (1973), 2334 (2016) қарарлары, сондай-ақ 2002 жылғы Араб бейбіт бастамасы негізінде палестиндік-израильдік реттеуге қолдауын растайды», деп атап өткен ҚР СІМ.

Палестиндік-израильдік қақтығыстың шешімі 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын Палестина Мемлекетінің құрылуын көздейтін «екі халыққа екі мемлекет» қағидасына сәйкес іске асуы тиіс, деп санайды Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатудың ажырамас шарты болып табылатын өңірдегі тұрақтылықты қалпына келтіру процесіне толық қолдауын көрсетуді жалғастырады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп танығанын жария еткен. Израиль болса қаланың шығыс аудандарын, жарты ғасыр бұрын Иорданиядан тартып алынған және кейінірек аннексиялаған тарихи орталығын қоса алғанда "біртұтас әрі бөлінбейтін" астана деп жариялады. Алайда әлемдік мемлекеттер анексияны қолдамай, осы мәселенің таяу шығыстағы жанжалдың ушығуына әсер беретінін айтып, Иерусалимнің шығыс бөлігіне үміткер палестиналықтармен бейбіт келісімге келуге шақырады. Ал барлық шетелдік елшілік Тель-Авивте орналасқан.