03 шіл, 2019 сағат 17:06

Кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын - министр Арыстағы жарылыс туралы

Бүгін мәжілістің жалпы отырысынан кейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БАҚ өкілдері алдымен Арыс қаласына жақын тұрған әскери бөлім мен оның арсеналын көшіруге қанша қаражат қажет болатынын сұрады.

"Арсеналды көшіру туралы Елбасы мен Қарулы күштердің жоғары бас колбасшының тапсырмалары бар. Біз бұл жұмысты бастап кеттік. Екі аптаның ішінде осы оқ-дәрілерді тасымалдау жұмыстары басталады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған резервтен қаржы қарастырылған.

Қазір біз есептеп жатырмыз. Жалпы, көшіруге бірнеше миллиард керек болады. Бүгінде есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Ермекбаев.

Содан соң тілшілер "Сіз Арыстағы жағдай үшін халықтан кешірім сұрайсыз ба?" деген сұрақ қойды. Министр сәл бөгеліп:

"Біреу кінәлі деп айтуға болмайды. Ол – табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қаупі бар. Мен әзірше кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын", - деп жауап берді.