28 нау, 2020 сағат 08:53

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 204 адамға жетті

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі 28 наурыз түскі сағат 11.50-де тағы 11 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанда - 10 адам, Алматыда - 1 адамнан вирус табылған. Шамамен бір сағат бұрын 43 адамнан вирус табылғаны белгілі болған еді. 

Осылайша елде коронавирус жұқтырғандар саны күрт артып, науқастар саны 204 адамға жетті:

  • Нұр-Сұлтанда - 117 адам
  • Алматыда - 58 адам
  • Қарағандыда - 4 адам
  • Жамбыл облысында - 3 адам
  • Атырау облысында - 4 адас
  • Ақмола облысында - 5 адас
  • Шымкентте - 2 адам
  • Шығыс Қазақстан облысында - 2 адам
  • Алматы - облысында - 4 адам
  • Ақтөбе облысында - 1 адам
  • Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам
  • Павлодар облысында - 1 адам
  • Маңғыстау облысында - 1 адам
  • Қызылорда облысында - 1 адам.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. Оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған. 

27 наурызда Павлодар, Атырау және Маңғыстау облысында коронавирус алғаш рет тіркелді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

Ал 28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада - Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте шектеулер күшейеді:

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.