25 мау, 2018 сағат 15:56

Қасым-Жомарт Тоқаев: БАҚ жастардың күш-қуатын шығармашылық арнаға қарай бұруы тиіс

Ерекше кездесу болды. Қазақ журналистикасының шашасына шаң жұқпайтын дарабоз корифейлері мен оның болашағын жасайтын креативті талантты жас қаламгерлер Сенатта бас қосты.

Елге тез әрі сапалы ақпарат жеткізуде әбжілдігімен және белсенділігімен көзге түсіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен емен-жарқын әңгіме дүкен құрған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің назарын ел алдында тұрған үлкен міндеттерге аударды.

– Біздің еліміз күрделі геосаяси жағдайдағы дамудың өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Өкінішке қарай, әлемнің әр бұрышында жанжалдар азаймай отыр, санкциялық түрдегі теке-тірестер өршіп барады. Жаһандық екі үрдіс – жаһандану мен ұлтшылдықтың арасындағы қарама-қайшылық та ұлғая түсуде. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты және беделді мүшесі ретінде өзінің ұлттық мүдделерін қорғауда тиісті ұстанымдарды табандылықпен паш етіп отыр.

Халықтың шынайы сеніміне ие әрі шет елдерде беделі зор біздің еліміздің Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық аренадағы ұлттық мүддесін әрдайым биік ұстап келеді.Елбасының Көшбасшылық әрі Тұңғыш Президентмәртебесі еліміздің саяси жүйесіндегі тұрақтылықтың сенімді кепілі. «Тұңғыш Президент - Елбасы туралы», «Қауіпсіздік Кеңесі туралы»заңдар елдегі ішкі және сыртқы саясатты жүргiзуде Елбасының жетекші рөліне құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етеді.Бұл қазіргі әлемдегі дүрбелеңге толы жағдайларда маңызды рөл атқарады. Елбасы – біздің Конституциямыздың және ішкі саяси тұрақтылықтың сенімді кепілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы ретіндегі сіңірген еңбегі аса ауқымды, тарихи маңызы зор.

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының алдына биік міндеттер қойып отыр. Технологиялық, экономикалық және әлеуметтік ауқымды өзгерістер бұрынғы әдеттер мен таптаурын көзқарастардан арылып, жаңаша ойлауды талап етеді.

Президент Жолдауында цифрлық технологиялардың дендеп енуіне байланысты қазақстандықтарды жаһандық өзгерістер мен қатерлерге дайын болуға шақырды. Бұл міндет тек қоғамның қолдауымен табысты шешіледі. Сондықтан цифрландыру идеясының мән-маңызын қалың бұқараға жеткізуде журналистерге аса жауапты міндет жүктеліп отыр.

Технологиялық тұрғыдан жаңару бұқаралық ақпарат құралдарына да әсер етуде. Бүгінгі күні «дәстүрлі» бұқаралық ақпарат құралдарын әлеуметтік желілерден бөліп тастайтын шекаралар да азайып барады. Қазіргі кезде газеттерді, телеарналар мен радиостанциялардыңэлектронды нұсқасының болуы заңды. Олар тіпті дәстүрлі ақпарат құралдарынан да танымал болуда. Көптеген баспа және электронды басылымдар интерактивті кері байланыс, үнқатысу мен онлайн трансляция мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге белсенді түрде араласа бастады.

Қазіргі кезде ақпарат ағындары үшін мемлекеттік шекара ұғымыжоқ. Жаңа жағдайда жағымсыз құбылыстарды айла-шарғымен жағымды етіп көрсетіп, қоғамдық оң пікір қалыптастыру қаупі күрт өсіп барады. Сарапшылар бақыланбайтын әлеуметтік желілерде жалған жаңалықтар ментеріс насихаттың дендеп кетуі туралы ескертіп отыр. Азғыру мен арбауға негізделгенмұндай ақпарат саяси мақсаттар үшін жиіқолданылады.

Дана халқымыз «Отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды» дейді.Бүгінгі әлеуметтік желілер арқылы тарайтын ауыздықсыз ақпарат заманында мұндай қауіпті құбылыстар ел ішінде белең алуы мүмкін.

Өкінішке қарай, зиянды ақпарат әсерінен,ең алдымен жастар зардап шегеді. Кейбір мүдделі бұқаралық ақпарат құралдарының және әлеуметтік желілердің көмегімен жастар күмәнді идеологиялық көзқарастарға ұрынады, бүлдіргіш, тіпті,заңға қарсы әрекеттерге де барады.

Осыған байланысты қоғамды, әсіресе, жастар мен балаларды жалған ақпараттан заң арқылы қорғауға тура келеді. Жақында Парламент бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға енгізген түзетулер осы мақсатқа арналды.

Бұқаралық ақпарат құралдары жастардың күш-қуатын шығармашылық арнаға қарай бұруы тиіс. Жас ұрпақ барлық әлеуметтік маңызды іс-шараларға белсене араласуы қажет. Өскелең ұрпақтың білімі мен жаңа технологияларды қолдануы, шығармашылық тұрғысындағы тың көзқарасы, күш-жігері мен игі бастамалары бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Менің ойымша, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары әлемдегі ең жоғары стандарттарды бағдарға алуы тиіс. Елбасы еліміздің дәстүрлі құндылықтарын сақтай және ұлықтай отырып, қоғамның рухани өмірінің жаңаруына бағытталған «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасын жариялады. Осы тұжырымдаманы іске асыруда ақпарат құралдарының рөлі ерекше.Идеологиялық кеңістіктіұлттық әлемдергебөлу үрдістері туындап тұрған кезде «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасының Қазақстан үшін маңызы зор.

Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген бағдарламалық мақаласынан кейін «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «100 жаңа тұлға», «100 жаңа оқулық» жобалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде қазақ тілін латын жазуына көшіруге дайындық жұмыстары аяқталуда. Рухани жаңғырту қоғамда қызу қолдау тапты және оны белсенді түрде жалғастыру үшін ауқымды істерді атқаруымыз қажет.

Президент азаматтардың материалдық деңгейін көтеруге де баса назар аударып келеді. «Бес әлеуметтік бастама» үндеуі экономикалық тұрғыда жан-жақты есептелген әрі мұқият тексерілген қадамдарды жүзеге асыруға бағытталған бірегей құжат. Бірлескен күш-жігердің арқасында миллиондаған қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың өмір сапасы мен тұрмысын жақсартуда басты мақсатқа қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Парламенттің заң шығару қызметіне қолдау көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Жаңа заңдардың қабылдануы туралы ақпарат жеткізумен қатар қоғам мен биліктің арасындағы диалогтың маңызды құралы болып табылады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бәсеңдемейді. Керісінше олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр.

Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында. Баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алды. «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» демекші, отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде.

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласында үлкен қажырлылықпен қызмет етіп жатқан барлық журналистерді келе жатқан мерекелермен құттықтаймын.