28 мау, 2016 сағат 15:47

Қабдеш Жұмаділов: Ешкімнің әкесінен қалған мемлекет жоқ

Бүгін Алматыдағы «Астана» қонақ үйінде «Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы» деген тақырыпта қоғамдық талқылау өтті.

Жиынға қатысқан жазушы Қабдеш Жұмаділов қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан тіл, тарих, жер мәселелеріне қатысты ойын ортаға салды.

— Ұлтты жою саясаты жоспарлы түрде іске асып жатыр. Ұлттың жаны бар. Ал, оны құрытудың бірнеше тетігі бар. Соның бірі – жер. Жерден айырылған ұлт жойылады. Тағы бірі – тіл. «Сөзі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтып кетті. Үшінші мәселе – тарих. Тарих халықтың – жады, зердесі. Оған кесір тисе, ұлтты ұстап тұратын ештеңе қалмайды.

Бізде тәуелсіздік алғалы бері 18 министр ауысыпты. Сонда оқу-ағартудан кеткен кемшілікті, олқылықты кімнен сұраймыз? Ешкім де жауап бермейді. Бәрін бүлдіріп алады да, Сағадиев те кетеді ертең. Кінәнің бәрін өзіне арқалатады да, қоя береді. Әрқайсысы бір-бір реформамен келеді. Мектепте үш тілде оқыту – балалардың басын шіріту. Бізге ұлтты жоюдың программасын жасап бергендей біреулер. Соны біртіндеп іске асырып келе жатырмыз. Мектептеріміз Сәбет одағынан кейін керемет дамып кетті деп айта алмаймыз. Сол кездегі ғылымды сақтай алдық па? Баяғы Ғылым академиясы қайда?

Пәндерді бір-біріне қосу деген — не деген сұмдық? Мен өзім қазақ тілі мен әдебиетінің маманымын. Әдебиет деген қоғамдық пән, ал тіл деген нақты ғылымдардың бірі. Маматематика қандай болса, тіл ғылымы да сондай. Екеуін қалай қосып оқытуға болады? Ал енді тарихымызға қатысты. Осы жерде жоғарғы мектептің өкілдері отыр. Алғашында 91-жылдан бергі тарихты оқытамыз деді. Одан біраз шу туындағаннан кейін, қазан революциясынан бергі тарихты оқытатын болыпты. Кішкене кеңіткен түрі. Онда ар жағындағы қазақ тарихы қайда қалады? Тарихымызды енді-енді біліп келе жатқанда, қысқартып тастасақ не болады? Былтыр ғана қазақ хандығының 500 жылдығын өткіздік. Оның алдында басқаша сайрағанбыз. Бізде хандық та, мемлекет те, шекара да болған жоқ деп. Оны мынау мысықтілеулі көршілеріміз іліп әкетіп, ар қарай шуылдап бара жатқаннан кейін, басу үшін хандықты тойладық. Онда да Астана да не Алматы да емес, сонау Жамбыл жеріне апарып шала-пұла өткіздік.

Тарихымыз мынау, тілдің дауы алдарыңызда. Ал қазақтың жері саудаға түссе, шетелдіктердің қолына өтсе, онда қазақтың шындығы біткені, қыл мойынға тақалғаны. Ешкімнің әкесінен қалған мемлекет жоқ. Мемлекет – ешкімнің меншігі емес. Жер де ешкімнің жеке дүниесі емес. Жердің иесі өзгерсе, киесі де өзгереді. Қасиеті де жоғалады, — деді жазушы.

Айта кетсек, жиында қоғам белсенділері үштілділік реформасының ұлтты жоюға бағытталғанын ашық айтып, өз қарсылықтарын білдірді. Сондай-ақ, Білім министрлігінің өкілдеріне қоғам белсендісі Руза Бейсенбектегінің 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хатын тапсырды.

Ұлт порталы