#
#
Жұма 18/08/2017

Есболат Айдабосын: Жазушылардың қоғамдағы образын өзгерту керек

  • 09.08.2017
  • 5
  • 518

Кеше ғана журналист, жазушы Есболат Айдабосынның «QazTalks - ашық әңгіме алаңында» «Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?» тақырыбында сөйлеген сөзі пікірталас тудырып, қоғамдық талқыға салынып жатыр. Жазушының пікірі тыныш жатқан бүгінгі әдеби процеске қан жүгірткендей болды. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ізін суытпай өз ойын айтқан болатын. Артынша жазушы қарсы пікірге жауап берді. Біз Есболат Айдабосынның жауабын жариялауды жөн көрдік.

***

QazTalks форумында әдебиет туралы аз-кем ой айтқанбыз. Соның бірі «Туған жер» бағдарламасы аясында жас қаламгерлерді аймақтарға тарту туралы ұсынысым осы күні қызу талқыланып жатыр. Айтылған сөздің, айтылған жерде қалмай, қоғамдық пікірді қозғап жатқаны қуантады. Қолдаушылар көп, қарсы шыққандар да жетерлік, сонымен бірге сырттай қызықтап «қай жеңгенің менікі» деп отырған достар да бар. Тіл, жер секілді тағдырлы мәселелерге байланысты заң қабылданғанда «ерекше ақылды» депутаттар қалыс қала салушы еді, солар секілді.

Хош! Қарсы тараптың уәжіне жауап беріп көрелік. Басты қарсылас-саясаттанушы Айдос Сарым ағам. О заманда Есболаттың бір тұқымы (Оразбай) Абаймен ұстасыпты, бұ заманның Есболаты - Айдоспен "ұстасып" жатыр осылайша. Сыйлаймын, құрметтеймін. Кеше жекеде біраз сөйлескенбіз, бүгін өз ойын жинақтап жариялапты.

1. «Бізге социалистік дәуірде қалыптасқан жазушыларды қолдау жүйесі түкке де керегі жоқ. Бұндай әлеуметтік қолдаудың құны мен бағасы бар: оны соцреализм деп атаған совет заманында. Егер бүгін сондай жүйе енгізілсе, оның да құны болады. Бұл жүйе, айналып келгенде, ақын мен жазушының ауызын буып тастап, белгілі бір тақырыптарға жолатпауға апарады.»-дейді Айдос Сарым.

Бір қарағанда дұрыс секілді, теңгемізді еркін айналымға жібергеніміз секілді әдебиет те еркін болсын, өз күнін өзі көрсін деген позиция. Нарықтық қоғамның басты принципі негізінде солай. Бірақ Қазақстанда классикалық нарықтық қоғам қалыптасты деп айта аламыз ба? Бизнесіміздің өзі мемлекеттік тендерге тәуелді, банктеріміз дағдарыс болса бюджетке телміреді, қыл аяғы БАҚ, сайттардың барлығы мемлекеттік тапсырыспен күнелтіп отыр. Осындай қоғамда отырып, өзіміз де соның суатынан шөл қандырып, шанақ шығарып отырып жас қаламгерлерге неге бір ұрттатуды қызғанамыз? «Ақын мен жазушының аузын буып тастайды» деген күдікпен де келіспеймін. Керісінше басты мәселе-баспанасы шешілген соң ол өзгеге тәуелді болмайды. Талдықорғаннан үй алып Ерлан екеуміздің тұрғанымызға екі жыл болды. Осы күнге дейін «мына тақырыпта жаз, мынаны жырла» деп біреу диктовать етпепті. Ал еркін, бүгінде Астана мен Алматыда «көшіп жүрген» жазушылар не жазып қарық қылыпты? Қазіргі билікті сойып салар туындылар тудырды ма? Кім, кімді біледі, мұндай ерлік жасаған ер қане? Керісінше әркімге жалтақтап, әркімнен бірдеме дәметіп, керек болса әркімнің сойылын соғып жүр. Діни, саяси топтардың сойылын соғып кеткен жас интелектуалдарды менен көрі сіз көбірек білетін шығарсыз, аға!

2. «Елдегі 800 жазушыға арнайы жағдай жасап, жалақы беруге де қарсымын. Себебі одан 800 Мұқтар Әуезов пен 800 Мағжан Жұмабаев автоматты түрде пайда болмайды. Керісінше, көптеген адамның еңбек етуге деген қажыр-қайраты мен жігерінен айырып тастаймыз. Пушкин мен Достоевский біраз ұлы шығармасын картадан ұтылған қарызын жабу үшін жазып тастағанын барша жұрт біледі. Сол сияқты үй де, жақсы жалақы да аванс емес, қажырлы еңбектің зейнеті. Ол үшін де біраз бейнетін көру керек. Оның үстіне адам ретінде ақын мен жазушы басқа да кез-келген кәсіп иесінен еш артық емес. Егер бір топқа жағдай жасалса, басқа да топтардың барлығына дәл сондай жағдай жасап шығу қажет. Бұл - утопия!»(А.С)

Соңынан бастап жауап берейін. Айдос ағамның басқа топ деп отырғаны мұнайшы, дәрігер, мұғалім секілді мамандық иелері. Бұлардың бәрі істеген жұмысы үшін ақша алады. Дәрігер адамды емдегені үшін, мұғалім баланы оқытқаны үшін жалақы алып отыр. Ал жазушы көркем шығарма жазғаны үшін көк тиын ала ма? Жалпы біздің қоғамда жазушы деген мамандық бар ма? Жазушылар басқа саладан нәпақа айырып жүр. Нақты айтқанда көбі газет пен телеарналарда, сайттарда жүр. Қажыр қайраты қара мақалаға қор болып жатыр. Д.Лондон «Мартин Иденде» «редакторлық жұмыс әдеби өлім» дейді. Сол қисынға салсақ біздің жас жазушылар өліммен ойнап жүр. Айлап, жылдап жазбайтындар бар. Себебі уақыт таптыш, шығармашылық бап жоқ. Көңіл пәс, қоғамға наразы.

Өзіңіз елестетіңізші, жазушы жұмыстан шықты. Автобусқа қысылып-қымтырылып мінді. Аялдамадан түсіп жалдамалы пәтеріне бет алып бара жатқанда қасынан еңгезердей джип өте шықты. Ішінде той-томалақта жүретін әншілер кетіп барады. Папкасын құшақтаған жазушыға мүсіркей қарады, бұл ызалана көз тастады. Жерге шырт еткізіп бір түкіріп үйіне келе жатқанда дікеңдеп пәтер қожайыны қоңырау шалады. Ақшаны тездет, әйтпесе табаныңды жалтырат дейді. Үйге келеді сүмірейіп. Сенің ұлы жазушы болғаныңды күте-күте қажыған әйелің есік ашады... «Әке планшетпен ойнаймын», «әке Хан шатырға қыдырайықшы», «әке анау керек, мынау керек» деп қыңқылдаған бала-шаға етегіңе оратылады. Осының бәрін ысырып қойып «мен жазамын, мен жазушымын, мен ұлы шығарма жазу үшін осындай қиындықты бастан өткеруім керек. Ақындар провинцияда туып Парижде өледі,-деген қаңғып жүрсем де Астанадан кетпеймін. Қатын сен шыда, пәтерпұлды ертең бәленшеден қарыз алып келіп жабамын, балаларды жұбат, мен қазір жазайын, өйткені ұлы әдебиет осындайда ғана туады» деуі керек пе? Сіздерше сонда ұлы әдебиет жазылу үшін жазушы қоғамнан әбден теперіш көру керек пе? Жазушыға көп дүние керек! Уақыт керек, шығармашылық бап керек, іздену керек, оқу керек, архив ақтару керек... Бірақ сол көп керектің ішіне жазушыға тауқымет тарту керек деген бапты қосу міндетті ме? Тауқымет тартқан күннің өзінде, оны қағазға түсіретін жағдай болу керек қой.

3. «Ақын-жазушыларды аймақ-аймаққа таратуға да қарсымын. Себебі қаламгерлер Алматы мен Астанаға бақ үшін ғана емес, бәсеке орта, ой ортасы үшін келеді. Шығармашылық үшін ақын-жазушылардың бір-бірімен кездесіп, пікірлесіп, тіпті төбелесіп тұрғаны өте тиімді және пайдалы.»

Айдос аға, бұрын солай болған шығар. Қазір жағдай басқа. Қазір ауылда жатса да әдебиет көшінен қалмаймын деген адам қалмайды. Ғаламтор бар, компютер бар, кітап жетеді. Алматы мен Астанада әдеби орта, бәсеке бар басқа жақта жоқ деген де қате түсінік. Егер әдеби орта дегенді сыралатып, соңыра қызыл-кеңірдек болып дауласып, мен мықтымын, ол халтуршик деген берекесіз басқосу деп ұқсақ онда келісемін сізбен. Иманғали Тасмағамбетов пен Қырымбек Көшербаев тұсындағы батысқа көшті тілге тиек етіпсіз. Ол кісілер қандай адамдарды көшірді? Былайша айтқанда әдебиеттегі қаранарларды көшіріп апарды, ал біздің айтып отырғанымыз бота-тайлақтар немесе тай-құнанында топ жарып танылып қалған қыз-жігіттер. Бәлкім «қара нарлардың» көп тұрақтамай қайтадан Алматыға келіп алғаны «қара нарлығында» жатқан шығар. Ал мына бота тірсек бозбалалар сол өңірге сіңісіп кетеріне 99 пайыз сенімдімін. 

«Топырлатып ақын-жазушыны жинағаннан не пайда? Ертең сол әкіммен соттасып, ұрсысып жүрсе кімге пайда?»-дейсіз. Түсінбедім мұныңызды. Сотты айтпаңызшы құрсын. Кейінгі кезде шығармашылық иелері әкім-қараларды емес, шығармашылық иелерін ресми тұлғалар сотқа сүйрелеп жүргендікі ме, соттан жүрек шайлығып қапты.

«Бір ғана бағытты қолдар едім: бүгін Арқаның зиялы қауымын күшейту керек. Онда да жершілдік пен туыстық тұрғысынан емес, жалпы қазақтың белсенді азаматтарын, ақын-жазушысын Арқаға қарай баруға үгіттеп, жағдай жасауды талап етуге болады.» депсіз. Егер Алматы мен Астанада ондай жағдай жасалса мен ұсынысымды реформалауға дайынмын. Мықтылардың бәрін екі қала ала берсін, содан өтпей қалғандарын-ақ аймаққа жіберсеңіздер де болады. Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар. Бас қалаларда баспаналы болып жатса, нұр үстіне нұр! Бәлкім алдағы уақытта сізбен осы өз ұсыныңыз туралы ақылдасармыз. Түйе сұрайық ақыры сұраған соң, биесін жетелеп қайтармыз биліктің.

4. «Есболат айтқан жүйе нарықтық принциптерге қайшы. Бізге кітап индустриясын (жазушы-агент-баспа-маркетинг-сауда-насихат-оқырман) жасақтап шығу керек. Егер оңды индустрия жасақталса, бұл жүйеде озық, сөзі мен қаламы өткір тұлғалар жарып шығады. Бізге жаңа кітап модасын, кітап оқу мәдениетін жасақтау керек.» (А.С)

Осы уәжді Нұрмұхамед Байғараев деген бауырым да айтыпты. Ол тіпті жазушыларға үй бере салу заңға қайшы дейді. Айналайын-ау, әрбір облыс орталығында жазушыға жұмыс табылады. Тіл басқармасы, мәдениет басқармасынан бөлек, кітапхана, музей, газет-журнал, телеарна, театр секілді қаламгердің қызметін қажет ететін мекемелер баршылық. Соларға қызметке алып, жас отбасы, мемлекеттік қызметкер ретінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспана берілсе, немесе қазыналық үйге іліктірсе несі заңсыз? Қай жері нарықтық принципке қайшы? Егер осылай ретін келтіруді нарық заңына қайшы дейтін болсақ, онда ешкімге мемлекеттік бағдарлама бойынша үй берілмесін. Дәрігерлер жалақысын жинап сатып алсын, мұғалімдерде сөйтсін... Неге басқаға болады, жазушыға болмайды?

Кітап индустриясы туралы ойыңызды құптаймын. Бірақ мұны дамытуды жазушылардың мойнына іліп қоюға қарсымын. Жазушы кітабымды қалай сатамын деп бас қатырмау керек. Ол нарық тілімен алғанды өндіруші. Оны сатумен, жарнамалаумен басқа тұлғалар айналысу шарт. Қазір бір продюсер бір топ әншіні жетелеп жүр ғой, сол секілді бізге әдеби агенттіктер керек.

Кітап модасы, кітап оқу мәдениетін жасақтау керек,-дейсіз де оқушылардың әдебиетке құштарлығын ояту туралы айтасыз. Кітапқұмар жастарды көбейту үшін кітапты жазушы адамдардың жағдайын түзеу керек, олардың қоғамдағы образын өзгерту керек. Сіз көргіңіз келетін ақын-жазушының образы бүгінгі баланың әдебиетке деген ықыласын оятпайды, керісінше шошытады. Өткенде бір мектіптің алдынан ақын ағамды көріп қалдым. Қолында екі дорбасы, қасында бір әйел бар. Балаларға арналған журналын жарнамалауға келіпті. Сөйлеген болар, өлең оқыған шығар. Оқушыларға қалай әсер еткенін өзіңіз бағамдай беріңіз... Ақын-жазушы кедей, жоқшылық образынан арылу керек осы қоғамда. Жастардың дені әнші боламыз деп, шоу-бизнесте шошаңдап жүргені сол. Өйткені сәнді киім, ырғалған тірлік жастарды баурайды. Ал сіздер қырғыздың костюм-шалбарын жазушыға он жыл кигіземіз дейсіздер, пәтер жалдап жүргіземіз дейсіздер...

5. Айдос ағаның айтқан уәждеріне жауап бердім-ау деймін, келесіге өтелік. Қарсы шығып жатқан топтың ішінде сырттан келген қандастарымыз бар. Олардың күдігін түсіндім. «Туған жер» бағдарламасы бойынша әркім өз туған жеріне кетсе біз қайда барамыз?»-дейді. Естеріңізде болса осы көктемде ақын Ерлан Жүніс екеуміз «Жетісу ақын-жазушыларының» антологиясын шығарғанбыз. Соған кірген жас қаламгерлердің 30-40 пайызы арғы беттен келген қыз-жігіттер. Біз қазіргі уақытта облыс территориясында тұрып жатқан ақын-жазушылардың барлығын қосуға тырыстық. Оралмансың, бәленсің, түгенсің деп ешкімді бөлген жоқпыз. Өтініш, сіздер де бөлінбеңіздер! Бұл бастама ғана, Есболат айтты екен деп елбасы шешім қабылдай салайын деп тұрған жоқ шығар. Ұсыныс өтіп жатса, әлі талай өзгерістер енер, оралмандар мәселесі де сырт қалмас. Тіпті бұл жобаға мен өз басым журналистер мен сауатты блогерлерді де қосар едім. Сондықтан көкейге күдік алмаңыздар! Бар қазақ, бір қазақ!

6. Менің ұсынысыма алғаш болып үн қатқан Өміштің пікіріне де жауап жазбасам өкпелеп қалар, өнсызда өкпешіл адам ғой. Өмке, «бұған дейін де талай қаламгерге Астанадан, Алматыдан өзге қалалардан үй берілді. Бірақ одан әдебиет көркейіп, гүлдеп кеткен жоқ» дейсіз. Саусағымды бүгейін, санап беріңізші. Бәлкім ата жазушыларды атарсыз. Иә, олар алды, ала береді, алғанда да опырып жіберетіні бар. Бірақ соңғы он жылдықта жастарға жаппай үй берілген кез болды ма? Иә, үлкен кісілер алған шығар. Алса да олар жазбайды, себебі жас келді, денсаулық көтермейді, жиын-тойдан қол тимейді. Ал осы игілікті жастар көргенде не болар еді? Әрине ішкі қорыңда бірдеме болмаса алтыннан төсек салып жатсаңда ештеме жаза алмайсың. Мен сол ішінде бірдемесі бар адамдарды айтып отырғаны жоқ па? Соларға жағдай жасап, ішіндегіні алып қалайық, ертең күйбең тірлікпен жүргенде ішіндегі жалыны сөніп қалады, бықсыған қоламтаға айналып кетеді деп отырғаным жоқ па? Қаншама адам ішіндегіні бере алмай кетті? Ерлан айтады, бірде Таласбек ағаның үйіне барсам фильм аударып отыр екен дейді. Біз Таласбектей интелектуалдың қажырын аш ішектей шұбатылған сериалдарды аударуға пайдаланған елміз. Бәйгеге шабар жүйрікпен қой баққан әпенділікті қашан қоямыз?

Сөз соңында өзім туралы. Танымайтын жұрт өзіне үй сұрап отыр деп ойлап қалар. Жұрт өзімшіл, менікі өзге үшін деп Ақаңның сөзін бұрып алайыншы. Құдайға шүкір, бұл мәселе шешілген. Екі жыл бұрын Талды қалаға келгенбіз. Екі кітап жазылды. Бірі басылды, екіншісі болашақта шыға жатар. Аймақтан үй алып, не тындырдың дегендерге жауап осы. Жас қаламгерлерге қазір қолдау қажет, ертең кеш болады.

5 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР