07 там, 2017 сағат 13:58

Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?

Жақында Талдықорған қаласында «QazTalks - ашық әңгіме алаңы» өтті. Жаңа жобаны Орталық коммуникациялар қызметі Алматы облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған. 

Жиында танымал журналист, жазушы Есболат Айдабосын «Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?» тақырыбында сөз сөйледі. Ашық алаңда айтылған журналист ойларын қаз-қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

***

Армысыздар! Менің атым Есболат Айдабосын. Мамандығым журналист. Сөйлер тақырыбым - «Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?» - деп аталады. Тақырыпқа кіріспес бұрын мен әуелі бүгінгі талқыланып жатқан мәселелерге ой-пікірімді қоса кетейін. 

Бірінші әліпби реформасы. Латын қарпіне көшу идеясы арыға бармай беріден сөйлеген күннің өзінде 26 жылдан бері қазақтың рухани атмосферасында қалықтап тұр. 91-жылы Әбдуәли Қайдар президентке хат жазғалы бері «латынға көшуіміз керек пе, жоқ па?» деген пікірталас тоқтаған емес. Крылов мысалындағы «Аққу, шаян һәм шортанның» кебін кидік. Біреу кирилде қалу керек еді, екіншісі латынды жақтады, енді біреулер көне руна жазуына бір-ақ өтуіміз керек деп шықты. Қысқасын айтқанда 26 жылға жалғасқан ұлы дебат болды. 2006-жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне көшетін кез келді деп мәлімдегенін білеміз. «Қорқатын ештеңе жоқ, жарты жыл ішінде мәселені жан-жақты зерттеп, нақты ұсыныстармен шығыңдар» деп үкіметке тапсырма да берген-ді. Ал 2012 жылы Президент латынға көшеміз деп кесіп айтты. Яғни саяси шешім қабылданды, ол шешім Қазақстан-2050 стратегиясына жазылды. 

Бірақ қазақ қоғамында әліпби дауы тоқтаған жоқ. «Латынға көшуіміз керек пе, жоқ па»- деген сұрақ төңірегінде әлі дауласып келеміз. Президент шешім қабылдады ма, стратегияға жазылда ма бұл сұрақ күн тәртібінен түсіп қалу керек. Бітті. Сіз бен біз қарсы болғаннан енді қайыр жоқ. Қарсылықты 25 жыл бойы жасау керек еді, латынның пайдасынан зияны басым екенін сол 25 жылда дәлелдеу керек еді. Дәлелдей алмадық па, биліктің көзін жеткізе алмадық па, онда кінә өзімізден, қазіргі тірлігіміз жау кеткен соң қылышын тасқа шапқан адамды еске түсіреді.

Біз енді пікірталастың екінші деңгейіне көтерілуіміз керек. "Латынға қалай өтеміз: қайтсек ұпайымыз түгел шығады, қайтсек әліпби реформасынан ұтылмаймыз" деген мәселеде бас қатыруымыз керек! Өкінішке қарай, БАҚ мен осындай жиналыстардағы айтылған, жазылған дүниелерді қарап отырсаң ондай сөз жоқ. Жақтаушылар латын қарпінің пайдалы тұстарын тізбелейді, даттаушылар кемшілігін сөз етеді. Әлі сол 25 жылға созылған дебат жалғасып жатыр. Менің ойымша, бізге бұл екеуі де керек емес, бізге қазір: "қайтсек әліпби реформасын сәтті атқарамыз? қайтсек қазақ ұтылмайды? қайтсек қана таңба ауыстырудың зияны аз болады" деген сараптамалар қажет. Өйткені кез-келген реформаның пайдасымен қоса аздаған зияны да болатыны заңдылық. Үй салсақ та, ағашты отап, шөптерді өлтіріп табиғатқа залал келтіреміз ғой... Сол секілді әліпби ауыстырудың да өзіндік кері әсері болады. Оны халықтан жасырмай айту керек, түсіндіру қажет. Сол тұсқа қалқан қоюуымыз керек! Бүркемелеген сайын көңілде күдік ұялайды, ашық, жария түрде «мінекей былай істесек былай болады, бірақ ол бәлен жылдан кейін реттеледі» деген сықылды сараптамалар, зерттеулер керек деп ойлаймын.

Екінші мәселе. Өздеріңіз білесіздер «Рухани жаңғырумен» қабаттасып бізде Үш тілде білім беру жүйесі басталып кетті. Менімше, осы бағдарламаны реформалап алмай әліпби ауыстыру қауіпті. Көп адамның латын графикасына қарсы болып отырғанының негізгі себебі осы үштілділдікте жатыр. Өйткені біз бүгінде үш тілді, екі қаріпті қоғамға аяқ басқалы тұрмыз. Кирил қарпінен де 40-50 жылға дейін құтыла алмасымыз анық. Егер біздің мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделі зор болып, қолданыс аясы кең болып тұрса үш тілді жүйеге тәуекел етуге болар еді. Бірақ біздің ана тіліміздің жағдайы нашар екенін мойындауымыз керек. Дәрі-дәрмекпен сүймелдеп келе жатқан дімкәс баладай қалт-құлт етіп тұрғаны анық. Медицинада ауырып, тұмауратып тұрған балаға вакцина салмайды. Себебі басқа ауруын қоздырып жіберуі мүмкін, мүгедек болып қалуы ықтимал. Ал біз онсызда имунитеті әлсіз тілімізді екі бірдей реформадан қатар өткізіп, эксперимент жасағалы жатырмыз. Қазақ тілі орыс, ағылшын тілдерімен бәскелесе ала ма? Қос тіл бүйірден қысқанда тіпті есеңгіреп қалмай ма деген күдік бар көбімізде. 

Сондықтан үштұғырлы тіл бағдарламасын реформалау қажет деп білемін. Балаға жеті жастан бастап үш тілді жаттату үлкен қателік. Ағылшын, орыс тілдерін қазақ мектептерінде бесінші-алтыншы сыныптан бастап оқытсақ та жеткілікті. Өйткені қазір бірінші сынып оқушылары үш тілдің үшеуін де қатырып жатқан жоқ. Бастауыш оқушыларының білім деңгейіне ашық мониторинг жүргізілер болса осыған көз жеткізер едік.

Үш тілділікті жақтаушылар бұл бағдарлама қазақ тілінің мәртебесін арттырады деген еді. Керісінше орыс тілінің тынысын аша түсті. Қазақ тілінің қадірі қаша түсті. Үш тілде білім беру жүйесі қазақ тілінен бұрын орыс тіліне деген қажеттілікті тудырып отырғаны ақиқат.

Өзімнің ұлым былтыр бірінші сыныпта оқыды. Сыныптас оқушыларының дені орыс тілінен үлгере алмай жатқанын көрдік, арасында менің балам да бар. Кейбірі қосымша курстарға барды. Орыс тілінен ақылы дәріс беретін репетиторлардың алды баладан босамады. Балабақшалар да орыс бөлімдеріндегі балалар жылдағыдан көбейгенін байқадық. Тіпті ұлты қазақ азаматтар ұл-қыздарын орыс бөліміне ауыстыра бастады. Себебі олар мектептегі жағдайды көріп отыр. Баламыз балабақшадан орыс тілін үйреніп алсын, сонда мектепте қиналмайды деген оймен балаларын қазақ бөлімінен орыс бөліміне ауыстырады. Бұл қалай болғаны?! Білім саласындағы реформа орыс тіліне деген сұранысты арттыру үшін жүргізіліп отыр ма?! Ойлану керек секілді. 

Сондықтан әліпби реформасына кіріспес бұрын, үш тілді жүйені дұрыстап алған жөн болар еді. Әріпімізді жаңартамыз, рухани жаңғырамыз деп жүріп тілімізді жоғалтып алмайықшы.

Үшінші мәселе. Әдебиет туралы. Рухани жаңғыру бойынша әлемдік ақыл-ой алыптарының 100 кітабы қазақшаға аударылады, сол секілді қазақ қаламгерлерінің еңбектері БҰҰ-ның алты тіліне тәржімаланбақ. Бұл енді қуанатын жағдай. Бірер жыл бұрын Қазақ ПЕН клубы классик жазушыларды ағылшын тіліне аудару жобасын бастаған болатын, соны мемлекеттің іліп әкеткені қай жағынан болмасын құптарлық қадам. Тек бір ғана ескеретін дүние, бұл шара науқандық жұмыс болып қалмау керек. Мұны бастадық па, жарым жолда тастамауымыз керек. Бізге біріншіден аударма институты қажет. Кәдімгі қазақ қаламгерлерін өзге тілде, өзгенікін біздің тілде сөйлететін мамандар жасақтап, олардың басын құрайтын мекеме қажет. Әдебиеті әлемге танылған мемлекеттердің барлығында бар мұндай институт. Біз егер шынымен рухани жаңғырамыз десек, науқандық жұмыстардың көрі осындай іргелі жобалар жасауымыз керек. 

Содан кейін кітапты құры аударып қойғанмен іс бітпейді. Біз осы күнге дейін «Абай жолы» эпопеясы дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған, бәлен қаламгердің шығармасы бәленше тілде сөйледі, біздің жазушыны ағылшын оқырмандары мойындады, өйтті-бүйтті дегенді мақтанышпен айтып келдік. Бірақ ол кітаптың насихаты қай деңгейде болды, қаншалықты оқылды, жергілікті халық қалай қабылдады деген сұрақтарды айналып өтеміз... Экономика тілімен айтқанда біз тауар өндіреміз де, шетелдің дүкеніне қойып қоямыз. Өзіміз оны саудалауға асықпаймыз, сырттай ғана бақылап тұрамыз. Оны жарнамалау, оның ерекшелігін жергілікті жұртқа түсіндірмейміз. Тиісінше олар да бейтаныс дүниеге жолай қоймайды. Басқа-басқа біз әлі күнге №1 ақынымыз әлемнің 116 тіліне аударылған Абайды әлемге таныта алған жоқпыз. Мойындауымыз керек. Әлем түгілі көрші отырған орыс халқының өзі білмейді. 

Әрине әдебиеттің тағдыры ұлттың тағдырымен өзектес. Біз секілді шағын ұлттың әдебиетін үлкен ұлттың нарығына шығару оңай шаруа емес. Бірақ солай екен деп талпынбай, талаптанбай отыра беруге тағы болмайды. Бізге әдеби менеджмент, әдеби маркетинг жетіспейді. Егер біз қазақ әдебиетін әлемге насихаттаймыз десек осындай кешенді шараны қолға алуымыз керек. Әйтпесе барлығы далаға атылған оқ секілді болады. 

Бұл бір. Екінші мәселе аударма сапасы. Біздің шығармаларды кімдер аударады? Қалай аударады? Осы жағы қадағалану қажет. Себебі ойсыз, зердесіз жасалған аударма кез келген мықты туындының беделін түсіріп жібереді.

Төртінші мәселе. Жас қаламгерлердің жай-күйі. Мен бүгінгі баяндама тақырыбын «Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?» деп тегіннен-тегін атаған жоқпын. Осы қазір жас қаламгерлер не жазып жүр? Қалай жазып жүр? Олар рухани жаңғыру жобасына не береді?-деген сұрақтар болса әлтемен жауап бере жатармын. Мені бұдан көрі олар «Қайда жүр? Не істеп жүр?» деген сұрақ мазалайды. Рас! Қазір әдебиетке араласып жүрген қыз-жігіттердің дені Алматы мен Астанада жүр. Бірақ солардың шекесі қызып жүргендері шамалы. Бас қалаларда жүр деген аты болмаса, көпшілігі пәтер жалдап, тапқан-таянғанын өзгеге беріп, тұрмыстың тауқыметін тартып жүр. Әдебиет қайраткерлерінен көрі әлеуметтік желі белсенділері күшке мінген заманда жас әдебиетшілердің көбінде шығармашылық бап жоқ. Жағдайы келіспеген соң, өндіріп жазып та жатқаны шамалы. Әрқайсысы бір-екі жинақтан шығарған шығар бірақ ірі дүниелерге бара қойған жоқ, әдебиеттегі өз сөзін әлі айтқан жоқ. 

Мен осы ретте Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» жобасына ұсыныс айтқым келеді. Президент «Туған жер» бағдарламасын қабылдаңдар, ұсыныс енгізіңдер деді ғой. Менің ұсынысым «Туған жер» бағдарламасы аясында жас қаламгерлерді туған жерге қайтару керек. Әрбір облыс өз өңірінен шыққан, бүгінде шығармашылық ортада танылып қалған, Астана мен Алматыда баспанасыз жүрген жас дарындарын шақыртсын. Оларға облыс орталықтарынан үй берсін, жұмыспен қамтамасыз етсін. Шығармашылықпен айналысуға жағдай жасасын. 

Бұл шаруаның пайдасы шаш етектен. Бірінші пайданы әдебиет көреді. Баспана секілді басты мәселесі шешілген қаламгер, шығармашылықпен еркін айналысады. Бірер жылда кесек дүниелерді тудырады. Екіншіден аймақтардың шығармашылық потенциалы көтеріледі. Әрбір облыста қалыптасқан әдеби ортаға серпін береді, газет-журналдарында қызмет етіп аймақтық журналистиканың жұмысын жандандырады. Әрбір облыс осы бағдарлама бойынша кемінде оншақты қыз-жігітін көшіріп әкетсе, біраз дүниенің басы қайрылар еді. Бұл ұсыныс аздап шикілеу шығар, бәлкім кейбір тұстарын толықтыру керек шығар. Бірақ мен жастардың жағдайын көріп жүрген соң айтып отырмын. Егер бізге осы заман әдебиеті керек десек осындай бір қадам жасау керек.