24 шіл, 2017 сағат 08:11

ЭКСПО-да Шығыс Қазақстанның мәдени бағдарламасын кім түзген?

"ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрме аясында Астанада аптасына екі облыстан мəдени күндерін өткізуде. Сол арқылы өңір басшыларының мəдениет пен өнерді, спортты қолдау жайы, өнерпаздардың өздерінің ізденіс деңгейі білініп қалып жатыр. 

Өз басым Алматы және Атырау облыстарының күндеріне көңілім толды. Бұл аймақтардың мəдени бағдарламасы ауқымдылығымен есте қалды. Ал осы күндері өтіп жатқан Шығыс Қазақстан облысының күндері "əттеген-ай" дегізіп тұр. 

"Шырайлы Шымкент", "Шұғылалы Шығыс" деген сөз тіркестері құлағымызға әбден сіңісті болды. Бірақ осы жолы "Нұршығыс" деген тосын тіркесті "Фейсбуктен" көріп, талайымыз ішегіміз түйілгенше күлдік. Ал біле білген адамға бұл - сорлылық...

Бүгін сағат 18.00-де "Этноауыл" ұлттық-мəдени кешенінде Шығыс Қазақстан облысы өнерпаздарының концерті өтеді. Концерт бағдарламасы қолға түсіп, ол да біраз күңгірт ойларға жетелеп отыр. Менің ұғымымдағы мəдени күндер сол өңірден шыққан тұғырлы тұлғалардың қазақ өнеріне қосқан үлесін паш ету, Астанадан жырақта жатса да, биік өнерге адалдық танытып келе жатқан адамдарға бір көсілуге мүмкіндік беру. Мен үшін шығыстағы сондай адамдардың бірі - Бақыт Үдербаева. Əнші бүгінгі концертке қатысады, алайда кең көсіле алмайтын болып отыр.

Сосын концерт бағдарламасына марқұм Тұрсынғазы Рахимовтің бір-ақ əні енгізіліпті. Жарықтық Болат Сыбановтың əндері мүлде жоқ. Осыны естіп, бағдарламаға көңілі толмаған əнші Серік Оспанов та "Біз Болат Сыбановтың əндеріне тербеліп өскен ұрпақпыз" деп жатыр.

Осыған қарап, шығыстықтар репертуармен мүлде жұмыс істемейді деген ойға қалып отырмын. Естуімше, Абай атындағы театр бір-ақ спектакльмен келіпті. Оның өзі шетелдік автордікі. Бүгінгі концерттік бағдарламаға Бауыржан Есебаевтың ел күнде естіп жүрген "Сүйгенім бол", орыстың бірнеше əнін қосыпты. Ау, солардың орнына Тұрсынғазы Рахимов пен Болат Сыбановтың əндерін қосса, тақияға тар келмес еді ғой...

Шыны керек, осыдан кейін өзім туған Қарағанды облысының мəдени күндері абыроймен өтсе екен деп тілеп отырмын. Театр ұлттық спектакль əкеліп (бірнеше қойылым болса, тіпті жақсы), əнші, күйшілердің репертуарына қайдағы жоқ шығармалар еніп кетпесе екен. Жағдайын жасап тұрып, Қорабай Есеновті Астанаға алдыртсаңыздар менің ғана емес, тұтас жұрттың алғысын алар едіңіздер. Оған себеп те бар, "Жас қалам" əні осыдан жарты ғасыр бұрын осы Астанада, сол уақыттағы Целиноградта туған (келесі жылы ағаның мерейтойына орай елордада шығармашылық кеші өтсе, тіпті ғажап болар еді). Қысқасы, мəдени бағдарламаға абай болыңдаршы, өңірлер!

Аманғали Қалжановтың фейсбуктегі жазбасынан