16 там, 2019 сағат 15:42

Джеймс Бондтың көлігі аукционда $6,4 млн сатылды

«Голдфингер» (Goldfinger, 1964) кинофильміндегі Джеймс Бондтың Aston Martin DB5 көлігі Монтерей қаласындағы (АҚШ, Калифорния штаты) аукционда $6,4 млн сатылды. Бұл туралы жұма күні Sotheby's аукцион үйі хабарлады.

«Әлемдегі ең танымал көлік – 1965 жылғы Aston Martin DB5 жаңа ғана $6,4 млн сатылды. Монтерейдегі Sotheby's аукционы DB5 моделі үшін жаңа рекорд орнатты», - делінген аукцион үйінің Twitter-дегі хабарламасында.

Көліктің жаңа иесінің кім екені жария етілмеді.

Киноэкранда машина 1964 жылы дебют жасады. Ол құпия қызметтің британдық агенті Джеймс Бонд туралы үшінші фильмде - «Голдфингер» киносында көрсетілді.

Қазірге дейін Джеймс Бонд туралы 24 фильм түсірілген. Ол көрермендердің көңілінен шығып, жалпы $10 млрд қаражат жинады.