29 там, 2016 сағат 16:33

Дина Елгезек: Ол, шын мәнінде Тәуелсіз ұлттық өзбек мемлекетін құрды...

"Арыстанның белгісі - артына қарап ақырмайды, нар түйенің белгісі - қабырғасын сөксе де бақырмайды, нағыз туған асыл ер, қанша қасірет шексе де, қайғыланып "аһ" ұрмайды"... Осы бір даналық сөз - Ислам әкәмызға арналғандай...

Арыстандығы - ол шын мәнінде Тәуелсіз ұлттық өзбек мемлекетін құрды... Ленинді тұғырынан құлатып, кеңестік көсемнің орнына өзбек xалқының жаңа ұлттық символы ретінде әлемнің 27 елін бағындырған, адамзат тариxындағы Ұлы қолбасшылардың бірі - Әмір Темірді иемденді... Латын әліпбиіне бірден көшіп алып, өзбек тілін өз елінде патша тіл етті... "Қазақта алғаш мемлекеттілікті орнатқан адам - Назарбаев" деген Путиннің сөзіне масайрап, біз қазақ xандығының 500 жылдығын тойлатып жатқанда, ол "өзбек мемлекеттігіне үш мың жыл" деп, өзбек тариxын қайта жаздырып, оны оқулықтарға енгізіп, алысты тереңнен болжап, миығынан мырс күліп отырды...

Нар түйелігі - ол ешкімді басындырған жоқ. "Есіктен келіп - төр менікі, ылдидан келіп - өр менікі" дейтіндердің бәрін елінен қуып шықты... Сыртқа да, ішке де бірдей , дербес, тәуелсіз тастүйін саясат жүргізді... Кремль мен Батыс, Ислам мемлекетін құрғысы келетін діни тажалдар да өз ойындарының құрбаны қыла алмады, қытырлатып шағып тастайтын оның "оңай жаңғақ" емес екенін әуелден-ақ ұға қойды... Кәрімов - НАТО-ның әскери базасын жауып тастап, Сорос қорын кетірді, Еуроодақтың санкцияларына былқ етпеді, ГУУАМ-нан мүшеліктен шықты, ОБСЕ-ні пысқырмай, ОДКБ-ға да байланып қалмады, Қырғызстанда ресейліктердің әскери база орнатуына қарсылық білдіріп, Еуразиялық Одақты маңына жуытпады... "На некоторых зарубежных телеканалах отмечаются факты восхваления ленинских и сталинских времен, эпохи СССР. Нам неприемлем такой подход. У нас есть свой путь развития, отвечающий чаяниям народа. Я хочу еще раз заявить, что возврата к такому прошлому не будет. Узбекистан никогда не войдет в объединения наподобие бывшего СССР» —деді Ислам ақсақал Парламент төрінде...

Ешбір елмен соғыспады, таласпады, өзін әлемдік деңгейдегі саясаткер екенін дәлелдеуге тырыспады, барлық елмен тең дәрежеде баланс сақтады... Әдетте ділмәрси келетін сырты сыпайы шетелдік қонақтарға будақтатып ақша шашпады... Ислам экстремистерін қырып тастап, Қырғызстанмен арадағы 1000 шақырымға жуық шекарасын түгелдей темір шеңгелмен қоршап, Ауғанстанмен шектесетін 112 шақырым шекараны 380 вольттық электр тоқпен қарулап, Тәжікстанмен шекаралас 1500 шақырым аумақты миналармен бекітіп, әлемнен есігін тарс жауып отырып алды...

Азаматтығы - бүкіл әлем оны "диктатор" атап жатқанда, "аһ" ұрмады... Шетке қол жаймай, экономикасын әртараптандыруға атсалысып, ауылшаруашылығын дамытты... Текстиль, жеміс-жидек, автомобиль, пойыз, мақта, қара темірі, алтыны мен мұнай - газын шығарды... Еуразиялық Одаққа мүшелікке енбесе де, Ресеймен сауда айналымы бойынша ТМД елдерінің ішінде 4-ші орында. Соңғы 9 айда көкініс пен жеміс-жидекті Ресейге тасымалдау 78,4 пайызға өскен. "Газпром" мен "Өзбекмұнайгаз" 4 млрд текше метр көгілдір отынды экспорттау жөнінде өзара келісім-шартқа отырды... Мықты, мығым, саны мен теxникалық қуаты жағынан ешкімге дес бермейтін ұлттық армия құрды. ЦРУ мәліметі бойынша, ұлттық әскери потенциалы жөніндегі рейтингте өзбектер бізден бір адым алда. "Өзбек байыса - там салады" деп күлсек, олар: "қазақ байыса - астана салады" деп зілді әзілдерімен бізді сазға отырғызды... Тәуелсіздіктің басында xалық саны 19 млн еді, қазір 31 млнға жетті, демографиялық аxуалдың артуына байланысты, инфрақұрылымсыз салынған қышлақтағы ескі үйлер бұзылып, орнына 150 шаршы метрлік замануи екі қабатты тұрғын үйлер тұрғызылды. 50 мың доллар ақша 15 жылға азғантай пайызбен несиеге беріліп, миллиондаған өзбек үйлі боп қарық боп қалды...

Десе де, кедейліктің кебісін киіп, өзге елде ұлтан боп жүрген өзбек көп. Тек қана Ресейде 1,9 млн еңбек мигранттары тіркелген. Тәжікстан және Қырғызстандағы су дауы әлі шешілген жоқ, бізбен шекаралас аумақта шекарашыларымыздың ара-тұра қағысып қалатын сәттері аз емес. Наркотрафик, валюта мәселесі күрделі... Бұл елде орта және шағын бизнесті жүргізу оңай емес. Өзбекстандағы адам құқығы мен сөз бостандығына, құқық қорғау органдарының озбырлығына төбе шашыңыз тік тұрады, көршіге қарап, біздегі саяси аxуалға шүкіршілік айтып қоятынымыз тағы бар... Әндіжандағы қақтығыста қаза тапқан 187 адамның өлімі - Тәуелсіздіктің қалыптасуы жылдары тариxындағы қара таңба боп қалары xақ... Туған қызы Гүлнәрмен тақ таластығы мен ақша араздастығы - өзбек лидерінің беделін көтере қоймады, жемқорлық атты індетпен күресте азулы диктатордың әлі жетпегені әмбеге аян... "Трансперенси интернешнл" xалықаралық ұйымының рейтингісі бойынша Өзбекстан 150-ші орында...

1996 -шы жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен "Әмір Темір жылы" тойланып жатқан тұста, ұмытпасам, Францияда сөйлеген сөзінде Ислам Кәрімовтың "Әмір Темір - Еуропаны сақтап қалды" дегені бар-тын, өзбек лидерінің 27 жылдық ел басқаруын сараптай келіп, Ислам Кәрімов - Орта Азияны ИГ содырларынан сақтап қалған тұлға дегім келеді...

"Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар" деген... Ислам ағаның бірбеткей мінезі, қайсарлығы мен жүректілігі - әлем көз алартқан иен байлықтың иесі - Орталық Азия аумағының тұтастығына қалқан болған негізгі фактор...

Жазылып кетсін өзбектің Әмір-Темірі...
Таулар алыстаған сайын, биіктей түсе ме, қалай...

Біздің ендігі уайым - Кәрімовтың орнына кім келеді? Көпжылдық қалқан талқандалып қалмай ма?

Бауырлас елге бізден тілек - тек қана тыныштық болсын!

Дина Елгезектің фэйсбуктегі жазбасынан