20 қар, 2018 сағат 08:31

Лондон сахнасында ән салған Димаш әлем жұртшылығын тәнті етті (видео)

Ұлыбритания астанасы Лондонда Димаш Құдайбергеннің «DQ» концерттік шоуы дүркіреп өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

3000 адамды сыйдыра алатын «Indigo at the O2» кешенінде өткен концерттің билеттері алдын-ала интернет арқылы сатылып қойған. Тіпті, билет сататын интернет сайты Димаштың коцертінің билетін саудаға шығарған күні қараушы адамдардың санынның көптігінен істен шыққан-тын.

Айтулы шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды. Ведомствоның баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай фэйсбук желісінде концерттен видео үзінділермен бөлісті. Шағын үзінділерде Димаштың Құрманғазы күйі «Адайды» шебер орындағанын, өз репертуарындағы әйгілі француз әні «S.O.S» әнін шырқағанын көруге болады.

Айта кетерлігі, дәл осы «S.O.S» әні орындалған кезде сахнаның алып экранынан мәнерлеп сырғанаушы, марқұм Денис Теннің мұз айдынында өнер көрсеткен видеосы көрсетілген.


Тағы бір видеоүзіндіде Димаш орындаған «Дайдидау» әнін Лондондағы көрермендердің үлкен шоғыры бірге айтып тұрғанын көруге болады.


«Indigo at the O2» залы бұл күні көрерменге лық толды. Қазақстан, Чехия, Бельгия, Ұлыбритания, Қытай, Канада, Германия, Ресей, Финляндия, Чехия секілді әлемнің 45 елінен келген әншінің жанкүйерлері концерт басталмай тұрып-ақ «Димаш» деп дауыстап, шоудың басталуын асыға күтті. Екі сағатқа созылған концерт көпшілік күткеннен артық деңгейде өткені анық. Әнші сахнадағы әрбір нөмірінде әртүрлі киіммен шығып, тек жанды дауыста ән шырқады.

Республикалық "Айқын" газетінің жазуынша, кешке арнайы келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ елінің мәдениетін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған концертке жоғары баға берді.


– Бұл коммерциялық жоба емес. Концерттен түскен қаржы өнерде жүрген қазақстандық  жас таланттардың қабілетін ашуға, өнерін шыңдауға жұмсалады, – дейді вице-министр.

Концерттің ұйымдастырылуы мен өтуін бастан-аяқ қадағалап Димаштың ата-анасы да жүрді. Қанат Айтбаев ұлының жақсы көңіл-күйде жүргенін жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөліскен.


– Бұл концерт Ұлыбританиядағы Қазақстан мәдениет күндері аясында өтті. Негізгі мақсатымыз қазақтың әнін, қазақтың өнерін жер жаһанға танытып, мәдениетіміздің көкжиегін кеңейту. Алдағы жоспарларымызда Канадада, Ресейде, оңтүстік Азия елдерінде де концерттер өткізу ойластырылған. Қайда жүрсек те, қай елдің сахнасына шықсақ та қазақ әнін орындау негізгі ұстанымымыз болып қала береді, – дейді әншінің әкесі.

Концерт екі жарым сағатқа созылған. Димаш әнін орындап, қоштасып кеткеннен кейін де қалың тыңдарман сахнаның алдын босатпай, жарты сағатқа жуық уақыт Димаштың есімін атап тұрып алған.

Талантты әнші сахна сыртында журналистермен жүздесіп, әсерімен бөлісіп те үлгерген.

– Мынадай көрерменнің алдында, өнерді терең бағалай білген бұқара алдында қазақ әндерін орындап, бір арманыма жеттім деп есептеймін. Өте қуаныштымын. Алған әсерімді әлі толық сезініп біте алар емеспін, – дейді Димаш.

Еске сала кетсек, осыдан төрт күн бұрын Димаш Құдайберген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесуінде Лондонда орындалатын әндердің 60 пайызы қазақ тілінде болатынын айтқан еді.

Одан бөлек, әншіні Британ астанасындағы әуежайда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлері қалай күтіп алғанын хабарлаған болатынбыз.

суреттер вконтакте әлеуеметтік