17 қаз, 2017 сағат 21:23

Депутаттардың жалақысы өспейді - Бақыт Сұлтанов

Бүгінгі Үкімет отырысында 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын талқылауда ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов «Әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары қызметшілерінің жалақысын көтеруге 33,1 млрд теңге көзделгенін» хабарлаған болатын.

Отырыстан кейін Қаржы министрі «ҚазАқпарат» тілшісіне депутаттардың жалақысы туралы ашып айтып берді. «Жалақыға қатысты барлық мәселелерді бір сөйлеммен баяндау көп адамды жаңылдырған тәрізді. Сол себепті жалақыны өсіру туралы нақтылап түсіндіргім келеді, - деді Сұлтанов. - Жалпы сома - 33,1 млрд теңгенің 32,5 млрд теңгесі әскери қызметшілердің және ішкі істер органдары қызметшілерінің қызметтік жалақыларын биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, 25%-ке көтеруге жұмсалады. Депутаттарға келер болсақ, мұнда парламентарийлердің жалақысын мемлекеттік қызметшілердің өзге санаттарының деңгейіне дейін теңестіру көзделген. Өздеріңіз білетіндей, бұл теңестіру биылғы көктемде жүзеге асты. Аталған мақсаттарға 640 млн теңге қарастырылған», - деп атап өтті министр.

«Республикалық бюджет туралы заң бекітілмейінше, қаржыландыру көлемдері бойынша түзетулер жүзеге аспайды. Сондықтан, бүгінгі нақтылау аясында Заң жобасы бұрын қабылданған нормалармен бірге келтірілді. Сәйкесінше, еңбекақыны тағы да көтеру туралы әңгіме болмауы тиіс», - деді Бақыт Сұлтанов.