20 нау, 2019 сағат 12:00

Дариға Назарбаева - Cенат спикері

Мемлекет басшысы Парламент Сенатының отырысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Парламент Сенатының депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Сенат төрағасы лауазымына сайлау үшін Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның кандидатурасын ұсынды.

– Дариға Нұрсұлтанқызын баршаңыз жақсы білесіздер. Ол көптен бері сіздермен тығыз жұмыс істеп келеді. Қоғамдық және саяси қызметтерде жинаған тәжірибесі мол. Тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелде де танымал саясаткер. Тұңғыш Президент – Елбасының Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру және тұрғындарға әлеуметтік тұрғыдан көрсетілетін қолдауды күшейту жөнінде алға қойған ауқымды міндеттері сапалы заңдармен қамтамасыз етілуі керек. Сондықтан біз Дариға Назарбаеваға осындай жауапты миссияны жүктеп отырмыз. Осыған байланысты, Парламент Сенатының депутаттарынан мен ұсынған кандидатураны қолдауды сұраймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нәтижесінде, Дариға Назарбаева депутаттар арасында жасырын дауыс беру жолымен Сенат спикері болып сайланды. Дауыс беруге қатысқан 44 депутаттың барлығы Назарбаеваның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

"Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева Парламент Cенатының төрайымы болып сайланды. Құттықтаймыз", - деді Сенат спикерінің орынбасары Бектас Бекназаров.


Дариға Назарбаева бұған дейін Cенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарған еді.

Ал Cенаттың бұрынғы төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ел халқына ант беріп, Қазақстан Президенті болды.

Дариға Назарбаева – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы. Ол 1963 жылдың 7 мамырында Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған. 

Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы тарихшы, тарих және қоғамтану оқытушысы.

Саясаттану ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты.

2012 жылдың қаңтар айында депутат қызметіне келді. 2014 жылдың сәуір айынан бастап Мәжілістің вице-спикері қызметін атқарды. Ал 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары болды. 2016 жылдың қыркүйегінде Сенат депутаты болып сайланған.

"Парасат", екінші дәрежелі "Барыс", Француз Республикасының өнер және әдебиет ордендерімен, "Нұр Отан" ХДП "Белсенді қызметі үшін" медалімен, ҚР Конституциялық Кеңесінің "Конституциялық заңды нығайтуға қосқан үлесі үшін" медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Қазақ, орыс, ағылшын, итальян, неміс тілдерін біледі.