31 мам, 2020 сағат 06:00

Бүгін - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Бүгін - ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Дәл осы күні 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан зардап шеккендерді де еске аламыз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келе жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақстан үшін айрықша мәнге ие.

«Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

Осынау қазақ халқы үшін атаулы дата қарсаңында, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырғанын жария еткен болатын. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», - деген еді Қазақстан Президенті.