25 мам, 2020 сағат 05:57

Бүгін Қазақстанның барлық мектебінде онлайн соңғы қоңырау соғылады

Бүгін Қазақстанның барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрлік 25 мамырда соңғы қоңырау мерекесі міндетті түрде онлайн режимде өткізілетіндігін хабарлады. 25 мамыр сағат 11.00-де телеарналар арқылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді құттықтайды.

Сонымен қатар, барлық мектептерде мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі.

«25 мамырда онлайн режимінде 1-10 сыныптарға арналған соңғы қоңырау сынып сабақтарын өткізіледі. Жыл қорытындысын сол жерде әр сынып бойынша жасауға, оны әртүрлі уақытта өткізуге болады. Оны асыра ұйымдастырудың қажеті жоқ. Әр сынып жетекшісі қай уақытта, қалай өткізетіндігін ешқандай есепсіз, сұраусыз жеке тәртіпте өткізуі тиіс», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов министрлікте өткен жиында.

Ал 11 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау 3-4 маусым күндері өтеді. Онда адам саны шектеліп, санитарлық нормалар қатаң сақталуы тиіс.