05 қаң, 2017 сағат 09:53

БҚО-да атып алынған 34 бас киік табылды

- Батыс Қазақстан облысында атып алынған киіктердің өлекселері табылды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтме жасап.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті облыстық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің айтуынша, 30 желтоқсан күні Жаңақала ауданы аумағынан киіктің 14 тушасы табылды. Браконьерлер оның жартысының мүйізін кесіп үлгерген де, қалғанын солай тастап кеткен. Сол секілді 4 қаңтар күні Бөкей ордасы ауданынан атып алынған тағы 20 киік табылды.

«Желтоқсан айында аяқталған күйек науқанынан кейін киіктер әбден әлсіреген. Сондықтан былай шығыны да жоқ емес. Оның үстіне қардың бір еріп, қайта қатуынан кейін тебіндей алмаған жануарлар Қазталов, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарына қарай ойысуда. Бұл оларды бақылау жұмысын қиындата түсуде. Қаршананың жеткіліксіздігінен браконьерлерге тосқауыл қою да қиын. Дегенмен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі филиалымен бірлесе отырып, жергілікті атқарушы биліктің көмегімен киікті барынша қорғау шаралары алынуда», - деді Қ.Қадешев.

«Күні бүгін Жаңақала ауданы аумағында 20 мыңдай киік бар. Бөкей ордасына да аз кірмеген. Сезгіш жануар саналатын киіктердің бұлай ойысуы тегін емес. Мұздақ болып, қыстың аяғы созылып кетсе, жылқыға да қауіп төнуі әбден ықтимал», - деді Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда киік ең көп таралған аумақ Батыс Қазақстан облысы болып отыр. Өткен жылғы көктемде өңірде 70200 киік санаққа іліккен болатын.   


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/bko-da-atyp-alyngan-34-bas-kiik-tabyldy_a2985990