23 қаз, 2018 сағат 10:19

Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21,6% өсті — ҚР ИДМ

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар тарту мәселесі қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Инвестициялық ахуалды жақсарту және Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек баяндады.

ҚР ИДМ деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстан — Орталық Азиядағы тікелей инвестицияларды тарту бойынша көшбасшы ел. Оның үлесі шамамен 70%-ды құрайды. Биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6%-ға артып, 7,5 трлн теңгені құрады.

Айта кету керек, тау-кен өнеркәсібінде (41,4%-ға), құрылыста (37,1%-ға) және өңдеу өнеркәсібінде (26,4%) өсім байқалуда. Республикалық деңгейде инвестициялардың басым бөлігі Атырау (35,8%), Астана (9,2%), Алматы (6,5%) өңірлеріне тиесілі.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің мәлімдеуінше, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлеміндегі жеке қорлардың үлесі 2018 жылдың 9 айында 73,1%-ды (5,5 трлн теңге) құрады. Биылғы І жарты жылдықтың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемі 15,4%-ға ұлғайып, $12,3 млрд құрады.

«Өсім мына салаларда байқалды: тау-кен өнеркәсібі – $6,7 млрд, көлік – $393,3 млн, сауда – 2 млрд теңге, қаржылық және сақтандыру қызметі – $359,5 млн, ақпарат және байланыс – $124,2 млн», — деді инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлт жоспары – 100 нақты қадам аясында Министрлік трансұлттық компанияларды (ТҰК) тарту жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Шамамен $10,6 млрд болатын 34 жобадан ТҰК жобаларының тізімі жасалды. Жалпы сомасы $1,4 млрд болатын 12 жоба іске асырылу сатысында, биыл оның ішіндегі құны $1 млрд болатын 8 жоба қарқынды түрде іске асырылуда.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта үш деңгейлі инвестициялар тарту жүйесі құрылды: сыртқы деңгейде — ҚР Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің инвестициялық кеңесшілері және «Kazakh Invest» өкілдері; орталық деңгейде — ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитеті және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ; өңірлік деңгейде — жергілікті атқарушы органдар, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның өңірлік өкілдері.

«Біз заңнамаға өзгерістер енгізіп, рұқсат беру, салық салу, кедендік бақылау жүйелерін, сондай-ақ, көші-қон визалық режимін жеңілдеттік. Қазақстанда азаматтары визасыз режиммен келіп кететін елдердің тізімі кеңейтілді. Олардың саны қазір – 62. Бұл тізімге Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) барлық елдері кіреді. Сондай-ақ, ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес сот жүйесін жетілдіру жұмысы жүргізілді», — деді Ж. Қасымбек.

Қазіргі уақытта ірі инвесторлардың қатысуымен болатын инвестициялық даулар бірінші сатыдағы сот ережелері бойынша Жоғарғы сотта қаралады. Оларды қарау үшін Жоғарғы сотта Астана қаласының мамандандырылған сот алқасы құрылды. Проблемалық мәселелерді жедел шешу мақсатында инвесторлардың мемлекеттік органдармен даулы мәселелері бойынша мүдделерін қорғайтын инвестициялық омбудсменнің институты жұмыс істейді.

Өңірлік деңгейде, әкімдіктерде инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестер бар, әкімдердің жауапты орынбасарлары, индустриялық-инновациялық даму және инвестициялар басқармалары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары (ӘКК), «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік өкілдері және инвесторларға қызмет көрсететін орталықтар бар.

Сонымен қатар, Ж. Қасымбек облыс әкімдерінің назарын жұмысын жандандыруды талап ететін бірқатар мәселеге аударды. Бұл — инвестициялық жобаларға жер телімдерін бөлу мәселесі, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, газбен жабдықтау, арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарын топтастыру, ірі серпілісті жобаларды іске асыруды қолдауға арналған жаңа қаржыландыру құралдарын енгізу, сондай-ақ, өңірлердергі инвестициялық порталдар жұмысының сапасы мәселелері.

«Кейбір өңірлердің статистикалық көрсеткіштерін ескере отырып, әкімдіктер барлық құрылымдардың өзара іс-қимылын жақсартып, өңірге инвестициялар тартудың тиімділігін арттыруы қажет», — деді ҚР инвестициялар және даму министрі.

Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы «экономикалық дипломатияға» тікелей қатысы бар нақты міндеттер қойғанын баяндады: бұл шикізаттық емес экспортты қолдау, белсенді сауда саясаты, қазақстандық бизнесті шетелде ілгерілету, инвестициялар, технологиялар мен үздік әлемдік тәжірибені тарту, туризмді дамыту. 

«Елбасы "экспортқа бағытталған индустрияландыру экономикалық саясаттың орталық элементіне айналуы тиіс" екенін баса айтты. Бұл жерде синергиялық тиімділік алу үшін инвестициялық және экспорттық бағыттарды өзара тығыз байланыстыру қажет», — деді сыртқы істер министрі.

Қ. Әбдірахманов 2018 жылдың басынан бері АҚШ-қа, БАӘ-ге, ҚХР-ға, Түркия мен Финляндияға жоғары деңгейдегі бірқатар сапарлар болғанын еске салды. Наурыз айында Тәжікстан мен Өзбекстан президенттері Астанаға келді. Жақында Брюссельде еуропалық бизнес алыптарымен кездесу өтті.

«Барлық осы келіссөздердің қорытындылары бойынша $30,6 млрд астам сомаға 135 жуық құжатқа қол қойылды. ҚР СІМ Мемлекет басшысының шетелдерге сапарлары мен шетелдік мемлекеттердің Қазақстанға сапарлары барысында қол жеткізілген келісімдердің іске асырылуына мониторинг жүргізу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізеді. Трансұлттық корпорациялармен инвестициялық жобалар туралы келісімдерге ерекше көңіл бөлінеді», — деді сыртқы істер министрі.

Қ. Әбдірахмановтың айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастардың пәрменді құралы Үкіметаралық комиссиялар мен Іскерлік кеңестері бола алады. Сыртқы істер министрі атап өткендей, аталған құрылымдардың әлеуетін толық іске қосу қажет. Сондықтан СІМ төрағалығымен Ведомствоаралық комиссия құрылды, ол жақында өзінің бірінші отырысын өткізеді. Сонымен қатар СІМ инвестициялар тартуға және өнімдерін экспортқа шығаруға мүдделі отандық компанияларға қолдау көрсетуін жалғастырады. Экономиканың маңызды драйвері ретінде шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлінеді.

«Оған биылғы тамыз айында біздің Елшілігіміздің қолдауымен ұйымдастырылған ҚР-дан Тәжікстанға компаниялардың сауда-экономикалық миссиялары мысал бола алады. Жалпы сомасы $18,8 млн Қазақстанда шығарылған автобустарды, жиһаздар мен автомобильдерді жеткізу бойынша үш келісім жасалған. Біздің кәсіпкерлерімізді экспорттық нарықтар ерекшелігіне бағыттау қажет. Ол үшін, СІМ "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп "Шетелдік нарықтар бойынша нұсқаулықты" әзірлеу қажеттігін қарастырады, онда кедендік, салық және басқа да рәсімдердің ерекшеліктері көрсетіледі», — деді Қ. Әбдірахманов.

Сыртқы істер министрі сонымен қатар қолайлы визалық саясатты қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстарды атап өтті. Визасыз режим ЭЫДҰ/ЕО елдері, сонымен қатар Малайзия, Монако, БАӘ, Сингапур үшін қолданылады. 20 елмен өзара визасыз режим жұмыс жасайды. Сонымен қатар, СІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «АХҚО» АҚ және «Astana Hub» АT-стартаптар халықаралық технопаркі қызметкерлері үшін визалық режимді жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Бұдан өзге, Министрлік ел ішіндегі инвестициялық бағыттың аспектілерін пысықтауға да назар аударады. Бұл қызметтің негізгі факторы — тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл. Бұл тұрғыдан ҚР СІМ бірқатар министрліктермен және квазимемлекеттік құрылымдармен инвестициялық-экспорттық бағыттағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарларын қабылдады. Бұл тәжірибе басқа ведомстволарда және ұйымдарда жалғасын таппақ.

Өз кезегінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С. Тұяқбаев бүгінде республика бойынша шетелдік инвестициялардың қатысуымен инвестициялық жобалар тізімі әзірленгенін, жол картасы бекітілгенін атап өтті.

 

Бүгінде жобалардың саны 188-ді құрайды. Оның ішінде, 49 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, 51-і бойынша құжаттар әзірленуде, 74-і – пысықталуда.

Жобалардың басым бөлігі Алматы облысында тиесілі (32 жоба). Сонымен қатар, алғашқы бестікке Қарағанды облысы, Алматы қалысы, Ақтөбе облысы және Астана қаласы кіреді. Бұған қоса жыл басынан бері 22 жоба бойынша барлық рұқсат құжаттары алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.

«47 жоба бойынша инвесторлар тарапынан жобаны бастау туралы шешім қабылданып, құжаттарды әзірлеуге кірісті. Оның ішінде голландиялық Farm Frites, арабтың Phoenix Global, австралиялық Cedar Meats, бельгиялық Carmeuse Group, түркиялық Yildirim Holding, француздың Total Eren компанияларын атап өтуге болады», — деді С. Тұяқбаев.   

Сондай-ақ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы жыл басынан бері өңірлерде әкімдіктердің қатысуымен қазақстандық бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіліп, 200-ден астам ұсыныстар жинақталып, оның ішінен 66 жоба инвестициялық ұсыныстар әзірлеу үшін іріктеліп алынғанын жеткізді.

«Қазіргі таңда жоспарланған жобалардың басым бөлігі әзірленіп, шетелдегі елшіліктер мен өкілдіктерге нақты компаниялармен келіссөздер жүргізуге тұрақты түрде жолдануда. Осылайша жыл басынан бері 55 жаңа инвестор тартылды. Оның ішінде 16-сы – трансұлттық компаниялар», — деді С. Тұяқбаев.

ҚР ИДМ-мен бірлесіп әкімдіктердің сайттарына талдау жүргізілді. Барлық өңірлердің инвестиция бойынша веб-сайттарын типтік нұсқада әрбіріне арнайы парақша аша отырып, invest.gov.kz интернет-порталына орналастыру ұсынылады. Нәтижесінде, «Kazakh Invest» ҰК деректеріне сәйкес, инвестор 17 сайттың орнына бір бірыңғай портал арқылы инвестицияларға қатысты барлық өңірлер туралы ақпаратқа толық қол жеткізе алады.

Бұған қоса, инвесторлардың проблемалық мәселелерін дер кезінде шешу мақсатында «жедел көмек» принципімен жұмыс істейтін «Call-орталық» іске қосылған болатын. Колл-орталықты енгізген сәттен бастап инвестициялық қызметтерге қатысты мәселелер бойынша 474 кеңес берілді.

«2018 жылы инвесторлар тарапынан күрделі мәселелерге қатысты 40 өтініш келіп түсті. Оның 19-ы толығымен шешіліп, 21 өтініш бойынша инвесторларға аралық жауаптар беріліп, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде», — деп түйіндеді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

Өңірлердегі жағдай мен инвестициялар тарту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов және Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов баяндады.