#
#
Сейсенбі 21/11/2017

Бишімбаевтың ата-анасы ұлдарына абақтыда қандай қысым көрсетілгенін айтты

  • 07.11.2017
  • 1
  • 873

Мемлекеттің миллиард теңгесін жеп, миллиондап пара алды деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы жалғыз ұлдарын еш жаман атқа қимайды. Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жиырма күдікті кінәларын мойындады десе де, Қуандықтың анасы "ұлымызға тергеушілер қысым көрсетті" деп көзіне жас алып отыр, деп хабарлайды «31 арна». 

Үлкен трагедияны басынан өткізіп отырған отбасы жан жарасымен бөлісіп, 23 адам сотталып жатқан қылмыстық істің артында тұр деп есептейтін адамдардың да аттарын атап берді. Экс-министрге тағылған барлық айыптарды ескере отырып, «31 арна» тілшісі Гүлбану Әниятқызы ата-анасынан эксклюзивті сұхбат алды.

Қуандық Бишімбаев Ұлттық экономика министрі болған тұста істі болып, тергеу абақтысына қамауға алынған 10 айдан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған ата-анасы арна тілшісіне сұхбат беруге ұзақ ойланып барып келісті. Жалғыз ұлдарының ісіне қатысты ертең басталатын сот алдында бізбен Астанадағы тыныш кафелердің бірінде кездесті. Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа 7 бөліп, 346 миллион теңге пара алды және Қызылордадағы әйнек зауытының құрылысына бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңгені жымқырды деген айыптар тағылған. Ұлттық бюроның мәліметінше, «Болашақтың» түлегі бұл іске қарамағындағылармен бірге туған бөлесін де тартқан. Осы іс бойынша айыпталған 23 күдіктінің 20-сы кінәсін мойындаса, Бишімбаев бастаған үшеуі ғана келіспей отыр.

Кінәларын мойындағандар арасында «Бәйтерек–Development» басшысы болған Бақыт Жақсыбаев, оның бұрынғы орынбасары, Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлы Аслан Жақыпов бастаған 20 адам бар.

“Ұлымды түрмеге жапқан соң басқаша сайрап шығады. Қуандыққа қатысты ақша жайлы айта бастайды”, – дейді анасы альмира Нұрлыбекова.

Ал, айыбын мойындаудан бас тартқан Бишімбаевқа тергеу абақтысында айлап психологиялық қысым көрсетілді дейді. Экс-министр адам зорлаған күдіктімен бірге жатып, таңғы 6-дан түнгі 10-ға дейін тар бөлмеде жатпақ түгілі, отыруға болмайтын абақты азабын да тартқан. Әлпештеп өсірген жалғыз баласының жайын айтқанда анасы көз жасын тоқтата алмады.

“Әке-шешең болмайды, қайтыс болып кетеді. Әйелің кетіп қалады. Балаларың өсіп кетеді. Сондай қатты сөздерді айтқан. Ал сен айыбыңды өз басыңа алатын болсаң, 15 жылдан азайтамыз түрмедегі уақытыңды деп. Мен ойлаймын психологиялық қысым, оған қатты қысым болғанын”, – Қуандық Бишімбаевтың анасы.

Бір жылға жуық сары уайымға салынған бұрынғы Мәжіліс депутаты болған әкесі отбасылық трагедияны көтере алмай жүрегіне ота жасатыпты. Қуандықты айналасындағылар сатып кетті деген Уәлихан Бишімбаевтан баласының ең үлкен өкінішін де сұрадық.

“Оның ең үлкен өкініші – Елбасының сенімінен шыға алмағаны. Басқасын алып қойғанда бірінші орында - Елбасы, ол кісінің сенімі. Әрине бұл жанұямызға, ата- анаға, Қуандықтың өзіне үлкен трагедия. Мұндайды ол күтпеген еді”, – дейді Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев.

Абақтының азабы мен дүйім жұртқа миллиардтарды жеп қойды деп аты шыққанына күйінген ұлымыздың шашы ағарып, қан қысымы көтеріле бастады дейді ата-анасы. Төрт баласының үлкені алдағы жылы мектеппен қоштасса, ең кішкентай төрттегі қызы «әкем қашан келеді» деп күнде сұрайды екен.

“Балалары сағынады. Төрттегі қызы жылайды, әкем қашан келеді деп. Әкем қараңғыда отыр деп жылайды”, – дейді анасы.

Білім қуғандардың отбасынан шыққан, үш дипломы бар Қуандықтың атында Ұлттық бюро айтқандай Қосшыда миллиондарға салынған үйі жоқ, дейді анасы. Айтуынша, ол құрылысы бітпеген монша екен. Ал, ұлдарының істі болуына «Шыны королі» атымен шыққан Мұратхан Тоқмәдидің қатысы болуы мүмкін деп тұспалдайды.

Айтпақшы, айыптарын мойындаған бірнеше күдікті соттан босап шықса, ата-анасы таңқалмаймыз деп отыр. Ал, кімнің ақ, кімнің кінәлі екенін ертең басталатын сот анықтайды.

1 пікір

  • Петр ПетровичСейсенбі, 07.11.2017

    Оңбаған. Балаларым жылайды дейді ғой. Халқым жылап жатыр деп ойламаған адам баларым жылайды деп сандырақтайды.

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар