17 нау, 2025 сағат 08:10

Бейбіт заманның айғағы болар жасампаз ұрпақты қалай тәрбиелейміз?

Фото: Айжан Алхабек

 Жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы Ult.kz-те.

 Қазіргі таңда  ата-ана баласының білім алуы, дамуы мен жетістікке жетуі жолында оны жан-жақты қалыптастыру үшін барын салып, ақша аямайтынын нарықтағы әр маркетолог жақсы біледі.  Алайда бала тәрбиесінде сапалы білім алу, денені шынықтырып, спортпен шұғылданудан бөлек өте маңызды бірнәрсе ұмыт қалып жатады. Бұл –  балаға эстетикалық тәрбие беру.

 Эстетикалық тәрбие, яғни жақсыға, әдеміге сүйсініп, оны бағалау қасиеті баланы эмоционалды реттеуге, шығармашылық қабілетін дамытуға, өзгеге жанашыр,  жасампаз болуға жетелейді. Эстетикалық тәрбие баланың  дүниетанымын кеңейтіп, әлемді, адамзатты, түрлі ұлт пен дінді тереңінен түсінуге әкеледі. Сондықтан бұл тәрбие бағытын арнайы пән ретінде мектеп бағдарламасына қосқан артық етпейді. 

«Эстетикалық тәрбие алған бала басқалардан бақыттырақ болып өседі»

 Балалар психологы, нейропсихолог  Айнұр Алдаш баланың дамуында эстетикалық тәрбие өте маңызды екенін айтады. 

 «Себебі, қазіргі шынайы өмірімізге қарасақ балалар Tik-Tok қарайды,  Youtube көреді. Ондағы кейіпкерлер ассиметриялы, диспропорция, шынайылықтан алыс, визуалды қорқынышты. Мысалы, Гренни әжей, дәретханабасты. Бұл кейіпкерлердің бәрі баланың көзбен көріп, қабылдауына әрдайым кері әсер етеді. Сол үшін эстетикалық тәрбие әлде қайда жақсы. Өте дұрыс дер едім», -дейді Айнұр Алдаш.


 

Фото: Айжан Алхабек

Сонымен қатар ол егер нейропсихологиялық көзқараспен айтар болсам, баланы ерте жастан шығармашылыққа, әдемілікке, эстетикаға үйретсек, баланың миы дұрыс дамиды деп отыр.

 «Яғни біріншіден – абстрактылы ойлауы, екіншіден – шығармашылық ойлауы, үшіншіден – көзбен көріп, қабылдауы жақсарады. Сосын эстетикамен тәрбиеленген балалар басқа балаларға қарағанда эмоционалды интеллекті жоғары болады. Әрі эмоцияларын түсіндіре алады.  Бала үшін әдемі, симметриялы заттарды көруі өте маңызды. Нақтырақ гармониялы, табиғаттан алынған түстер болуы шынымен де баланы дамытады», -дейді нейропсихолог.


 Күнделікті өмірде бала үшін эстетикалық тәрбие көрінісі қандай бола алады деген сұраққа маманның жауабы келесідей: 

«Бала әлемді түсініп, қабылдауы үйдегі, күнделікті эстетикадан бастау алады. Себебі бала қарапайым дүниелерден-ақ әсерленіп үйренеді. Мысалы, столды орнына ұқыпты қойғаннан, дастарханды әдемі етіп жайғаннан, таза, ерекше ғимаратқа кіргеннен, көрнекті суретті көргеннен рахаттанады. Эстетикамен өскен бала ұсақ-түйектен әдемілікті көретін болады. Басқалардан бақыттырақ болып өседі», -дейді Айнұр Алдаш.


ПАЙЫМ

 Қазақ халқы әуелден табиғатпен тығыз байланыста өмір сүріп, дала заңын қастерлеп, әдеміге сүйсініп, кереметке қарап шабыттанған. Иә, біз ересектерді түрлі дағдарыс жылдары бұл қасиеттен айырып, жүректі қатайтуға тырыстық. Аз болса да сұлулыққа сүйсіну қасиетін сақталғандары, сақтай алғандары бар. Бірақ қазіргі бейбіт заманның айғағы болар жасампаз ұрпақ тәрбиелеп шығаруға кедергі жоқ. Тек қолға алу керек.

Ежелгі Қытайда сұлулыққа сүйсіне алатын адамға ғана  жоғары білім, ілім үйретуге болады деп санаған. Орынды.  Себебі жақсыға, әдеміге зер салып, оған оң бағасын бере алған ұрпақтан ғана жанашырлық шығады. Ал бойында жанашырлық қасиеті жоқ болашақ  маман ешқашан ұлтына, еліне пайдалы болмайтыны хақ.

 Сұлулық арқылы үйлесімділіктің қадіріне жете алған жан әрқашан жақсы атаулының атын өшірмей сақтауға ұмтылады.  Үйлесімділік заңын бұзбау арқылы ізгі қоғамның  сақталатынын түсінген рухани мәдениеті жоғары адамнан әрдайым  ізгі шешімдер шығады.  Нейропсихолог маманның  әсіресе «эстетикалық тәрбие алған бала басқалардан бақыттырақ болып өседі» дегені  ұрпақ өсіріп отырған әрбір жанның көкейінде болғаны жөн шығар. Ал біздің қоғамға ешкімге зияны жоқ, жасампаз, бақытты ұрпақ көптеп керек.


Динара Болат

Оқи отырыңыз: Қатыгез бала қайдан шығады?