19 қаң, 2018 сағат 06:56

Бес бәйтерек алып орманға айналса деген едік...

Бесенеден белгілі бес саусағымыз бар. Аллаға шүкір, мүрік те емес, шірік те емес. Бес саусақты жұмсақ, жұп-жұмыр жұдырық болушы едік. Орталық Азиядағы 5 елді айтамын-ау...

Еуропалық Одақпен теңдей-ақ - 4 млн шақырым аумағы бар, 60 млн xалқы бар территорияда ешкімнің ықпалынсыз-ақ аймақтық интеграция құруға не кедергі? Біріміз аңырап Америкаға қараймыз, екіншіміз Ресейден пана іздейміз, үшіншіміз үшеудің ортасында жан сауғалаймыз, төртіншіміз жеке дара арал, бесіншіміз әлемге есікті енді ашып жатырмыз... Өзінше тамыр жайған бес бәйтерек алып орманға айналса, ол орманымыз - қорғанымыз болмай ма? 

Шіркін-ай, Орталық Азия Одағы құрылса:

"Бірлігі бекем елдің белін ешкім сындыра алмайды" - қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қорғаныс күшін біріктірер еді - бір, 
"теңге тиыннан, бірлік ұйымнан құралады" - өзара алыс-берімізді үдетіп, экономикалық ырысымыз еселенер еді - екі, 
"тозған қазды, топтанған қарға алады" - империялардың қысастығы мен жаhанданудың жаңа қауіптеріне төтеп берер едік - үш, 
"саусақ бірікпей, ине ілікпейді" - адами капиталды дамытуға бірігіп күш салар едік - төрт,
"күшенген емес, күші көп жеңеді" - осы аймаққа Алланың өзі үйіп-төгіп берген алтын, мұнай, газ, урандарымызды игеріп, әлем шығып кеткен алтыншы теxнологиялық "укладқа" секіріс жасауға қамданушы едік қой... Шығыс пен Батыстың арасына мығым, қақырамас алтын көпір орнатып, Қытайыңа қайт, Ресейіңе тәйт деп қойып, ауғаннан келетін есірткі трафигі мен діни ағымдарға бірігіп тойтарыс беріп отырушы едік... Әттең...

Обалына не керек, кезінде біздің Президент талай ұсыныс білдіріп, төртеуге төрелік айтты. Ешкім құлақ аспады ғой...

Балдай суы, мамық ауасы, жып- жылы жұмақ мекеннен өзбектер қақаған аязда қайда асықты? Жоқшылық қыспаса, жаман көлікпен жолаушылап несі бар? 

"Ұлы Жібек жолы" жаңғырмаса да, бабалар жолында бауырлар қаңғырмаса екен...

Дина Елгезектің фейсбуктегі жазбасынан