28 қыр, 2016 сағат 11:03

Бекболат Тiлеухан: Ағайынды жігіттерді өлтірген қылмыскерлерге барынша қатаң жаза кесу керек

Қоғам алаңдаушылығын тудырған қылмыс үшiн жазаны барынша күшейту үшiн қандай шара қолданылады? Бүгiн Мәжiлiстiң отырысында депутат Бекболат Тiлеухан Iшкі iстер министрiне осындай депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Өткен аптада Алматы облысы Жамбыл ауданында болған жан түршiгерлiк оқиға, қанқұйлы қылмыс бүкiл елдiң қабырғасын қайыстырып отыр. Адал еңбегiмен бала-шағасын асырап жүрген есiл азаматтардың айдың күннiң аманында қарақшылардың қолынан айуандықпен қаза табуы жанымызды жабырқатып отыр. Кеше ғана жер қойнына тапсырылған қыршындардың отбасыларының қайғысына ортақтасып, көңiл айтамыз. 8 баланы жетiм қалдырып, көз жасына қалған қарақшылардың әдiл жазасын алуын Парламент Мәжiлiсiндегi «Нұр Отан» фракциясы айырықша назарында ұстайды деп сендiргiмiз, жұбатқымыз келедi", - дедi Б.Тiлеухан.

Оның айтуынша, бұл бiр отбасының ғана емес, бүкiл қоғамның жүрегiне түсiп отырған ауыр салмақ.

«Ата кәсiбi мал шаруашылығы болған елде мал ұрлығына үстiрт қарап, полиция тарапынан қажеттi назардың кемшiндiгi де жасырын емес. Жалпы, соңғы кездерi қарап отырсақ, бейбiт елдiң берекесiн алған экстремизм мен терроризм, нәрестесiн лақтырған ана, «ана» деуге келсе егер, адамдықтан безген педофилия сияқты қылмыстар қоғамда өршiп бара жатыр. Осы орайда Iшкi iстер министрлiгi осы iспеттес қылмыстардың алдын алу және болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқармақ? Осындай қоғамның алаңдатушылығын тудырып отырған қылмыстарды ерекше санаттағы қылмыстар деп бағалап, оларға берiлетiн жазаны барынша күшейту үшiн қандай шара қолданылмақ?», - деген сауалын жолдады депутат.