27 мау, 2017 сағат 11:56

БАҚ: Өзбекстанда Ресейге жұмысқа кететіндерді емтихан тапсыруға міндеттемек

Мәскеуде жұмыс істеп жүрген Өзбекстан азаматтары (Көрнекі сурет).

Ташкентте Ресейге жұмысқа баратын еңбек мигранттарының кешенді емтихан тапсыруына арналған үш орталық ашылады деп хабарлады өзбекстандық БАҚ.

Кешенді емтихан орыс тілі, Ресей тарихы мен заңнамаларының негізін білу деңгейін анықтау үшін өткізілмек. Емтихан ақылы болады, ал орталықтар төленетін ақыны шетел валютасымен де қабылдайтын терминалдар орнатуға міндеттелмек.

Podrobno.uz сайтының хабарлауынша, жаңа орталықтар үкіметаралық келісім негізінде құрылады және Ташкенттегі үш жоғары оқу орнының жанында жұмыс істейді. Емтиханнан өткендердің есебі шетелге ұзақ мерзімге жұмыс істеуге кеткен азаматтардың қолданыстағы мәліметтер базасына түседі.

Билік кешенді емтихан тапсыруды ұйымдастырудың ережелерін таяудағы бірнеше айда жарияламақ.

Азаттық