17 қаз, 2018 сағат 18:25

БАҚ: Керчьтегі шабуылдан ондаған адам қаза тапты (Видео)

Қырымның Керчь қаласында политехникалық колледжге жасалған шабуылдан 18 адам қаза тапты. Бұл туралы ТАСС агенттігі жедел әрекет ету қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

"Алдын ала мәлімет бойынша 18 адам қаза тауып, 50 адам зардап шекті. Оқиға орнына бес жедел жәрдем бригадасы жөнелтілді" деп мәлімдеді Қырым республикалық апаттық медицина орталығының директоры Сергей Астанкин.

Ал, "КрымИнформ" агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандар саны он адамға дейін жетуі ықтимал. Алдын ала мәлімет бойынша, 70 адам жараланған болуы мүмкін.

"Керчь Инфо" басылымы колледжде газ жарылғанын жазды. "Крымгазсеть" мекемесінің баспасөз қызметі ғимаратқа газ тартылмағанын, бірақ ол жерде газ баллондары болуы мүмкін екенін айтады.

Полиция күдікті ретінде 20-25 жас шамасындағы жігітке іздеу жариялады.

"360" телеарнасы куәгерлердің сөзіне сілтеме жасап жарылыс алдында белгісіз адамның бірінші қабаттың терезесінен ішке қарай шөлмек лақтырғанын хабарлайды. "Керчь.ФМ" радиосы жарылыс болар алдында ғимаратта атыс болғанын және оқиғаны теракт деп санайтынын айтты. Кейбір дерек бойынша, ауруханаға түскендердің барлығы мина жарылысынан жараланған. Үйінді астында 15 адамға дейін қалып қойған болуы ықтимал. Әзірге бұл ақпарат ресми түрде растала қойған жоқ.

Тергеу комитеті жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков лаңкестік нұсқасы да қарастырылып отырғанын мәлімдеді.

​"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана петренко Керчьтегі кісі өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Керчь қаласы Қырымның шығысында орналасқан. Ол Қырымды Ресеймен байланыстырады. Мәскеу Қырымды 2014 жылы көктемде Украинаның ресейшіл президенті Виктор Янукович халық толқуымен биліктен құлатылған соң басып алған.