12 шіл, 2018 сағат 14:22

Әйел әкім парамен ұсталды

Алматы облысына қарасты Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жұманбаева жер телімдерін таратудың қылмыстық сxемасын ұйымдастырған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұржан Жаxиннің айтуынша, округ әкімі жер телімдерін таратқаны үшін жалпы сомасы 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдік бар.

"Бұдан басқа, жерді нысаналы пайдалануды жеке қосалқы шаруашылығына өзгерткені үшін 20,5 миллион теңге тұратын 1 гектар жерді сыйақы ретінде алған. Қазіргі кезде күдікті үйқамаққа алынды. Іс прокуратураға жолданды", - деді Н.Жаxин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Бұдан бөлек, Алматы облыстық құрылыс басқармасы заң бөлімінің басшысы Бисерік парамен ұсталды. Ол бір кәсіпорынды жосықсыз өнім жеткізушілер реестріне қоспағаны үшін 10 млн теңге көлемінде заңсыз сыйақы алды деген күдік бар. Сот санкциясы бойынша Бисерік қамауға алынды.

"Сондай-ақ, құрылыс нысандары бойынша аралық жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін 100 мың теңгенің парасын алған инженерлік желілер құрылысы бөлім басшысының міндетін атқарушы Құлжановтың әрекеті әшкереленді. Ол өз кінәсін толығымен мойындады. Сол себепті оған қатысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - деп атап көрсетті Н.Жаxин.