03 там, 2016 сағат 08:50

Ауыл шаруашылық жерлерін пайдаланушылар туралы ақпаратты шұғыл жариялауды талап етеміз

Үкіметтің жер комиссиясының отырысында комиссия төрағасы, вице-премьер- ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов ауылшаруашылық жерлерін иеленіп отырғандар туралы ақпаратты жариялай алмайтынын, жариялауға ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының талаптары жол бермейтінін алға тартты.

Алайда, аталған заң бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың иелігіндегі немесе жалға алған жылжымайтын мүлкі, атап айтқанда жер учаскелері туралы ақпарат оның дербес деректері ретінде көрсетілмеген.

Демек, қазақстандық немесе шетелдік заңды немесе жеке тұлғаның ауылшаруашылық жерлерін жалға алуы немесе сатып алғаны туралы ақпарат, оның көлемі, орналасқан жері, пайдалану мақсаты туралы ақпаратты жинау немесе тарату ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңымен реттелмейді.

Керісінше, ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының 6-бабына сәйкес қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпарат қатарына ауыл шаруашылығының жай-күйі нақты көрсетілген. Ауыл шаруашылық жерлері туралы ақпарат тікелей ауыл шаруашылығының жай-күйіне жататынын ескерсек, ауыл шаруашылық жерлері туралы ақпарат барлық адамдарға қолжетімді болуы тиіс.

Сондықтан, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі қазақстандық немесе шетелдік жеке немесе заңды тұлғалардың ауыл шаруашылық жерлерін сатып алуы немесе жалға алғаны туралы ақпаратты ашық жариялауға міндетті.

Кез-келген азамат ауыл шаруашылық жерлерін пайдалану, жалға алу немесе сатып алу туралы ақпаратты жинауға және таратуға толық құқығы бар.

ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының 10-бабы бойынша ақпаратқа қол жеткізу мынадай тәсілдермен қамтамасыз етіледі:ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру; ақпаратты ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында орналастыру.

Осыған орай барлық азаматтардан әр облыс, аудан, ауылдардағы ауыл шаруашылық жерлерін пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат жинауды және оны сайттарда, әлеуметтік желілерде жариялауды немесе «Алаш жолы» қозғалысының белсенділеріне жолдауды сұраймыз.

Сонымен бірге, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінен барлық облыстардағы ауыл шаруашылық жерлерінің иелері туралы ақпаратты 10 күн ішінде жариялауды талап етеміз.

Егер ақпарат жарияланбаған жағдайда министрлік басшысының заң бұзушылығы туралы сотқа және прокуратураға арыз жазатынымызды ескертеміз.

Мақсат Ілиясұлының жазбасынан