19 нау, 2020 сағат 17:16

Атырауға Литвадан келген азамат карантиннен қашып кеткен

Атырауға Литвадан ұшып келген азамат карантиннен қашып кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы 6-тармағын бұзған азаматтың ісі қаралды. Литвадан келген Қазақстан Республикасының азаматы төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттік органмен белгіленген карантин режимін бұзған. Ол биылғы 18 наурызда түнгі сағат 03.00 шамасында Атырау облыстық туберкулезге қарсы диспансердің екінші қабатында орналасқан палата терезесінен секіріп, қашып кеткен. Құқық бұзушы С. диспансердің палатасынан сот отырысына «TrueConf» қосымшасы арқылы қатысты. Ол кінәсін мойында», - деді облыстық соттың баспасөз қызметінен. 

Сот қаулысымен оған ескерту түріндегі жаза қолданылды. Қазір ол Атырау облыстық туберкулезге қарсы диспансерде дәрігерлердің стационарлық бақылауында.