13 жел, 2019 сағат 06:53

Асқар Мамин жұмысы баяу әкімдерді сынға алды

Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмысы баяу әкімдіктерді сынға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Биылғы жылдың 11 айының қорытындысын өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жалпы ішкі өнім 4,4 пайызға өсті. Құрылыста – 12,1%, саудада – 7,5%, көлік саласында – 5,6%, өңдеу секторында, оның ішінде машинажасауда – 19,2%, автомобиль жасауда – 64%, жеңіл өнеркәсіпте – 16,6%, түсті металдар өндірісінде – 6,8%, кокс және мұнай өңдеу өнімдерінде – 5,3%, металл кенін өндіруде – 15,7%, байланыс қызметтерінде – 4,7%, өнеркәсіпте – 3,6% оң динамика байқалып отыр. Ұлттық қор активтері 4,3%-ға, $60,5 млрд-қа дейін өсті, республикалық бюджетке кірістер – 9595,7 млрд теңге (жоспарға 100,2%), өсу қарқыны 117,6% құрады. Салалық министрліктер мен өңірлердің басшыларына көрсеткіштерді жоспарлы деңгейге жеткізу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын», - деді Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында.

Премьер-Министрдің айтуынша, жыл басынан бері экономиканың негізгі базалық өсу көрсеткіштері бойынша Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстарының әкімдіктері жақсы жұмыс атқарған.

«Көрсеткіштері орташа және республикалық деңгейден төмен өңірлерге Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдеріне айтарым: сіздердің көрсеткіштеріңіз жыл қорытындысы бойынша елдегі орташа көрсеткішті төмендетеді. Тиісті қорытынды шығарып, нақты шараларды қабылдауларыңыз қажет. Орындалған жұмыстардың актілерін жыл соңына дейін тапсыруды қамтамасыз етіңіздер», - деді ол.