23 жел, 2016 сағат 08:03

Алеппо толықтай азат етілді - БАҚ

Сирия әскерилері Алеппода толық бақылау орнатқандарын мәлімдеді. Мемлекеттік арналардың хабарлауынша, 22 желтоқсанда көтерілісшілердің соңғы легі қаладан эвакуацияланды.

Ал, BBC News басылымының жазуынша, Сирияның үкіметтік әскері шығыс бөлігі көп уақыт бойы көтерілісшілердің бақылауында болған Алеппоны бақылауға алғанын ресми түрде жариялады.

Халықаралық Қызыл крест ұйымының дерегінше, соңғы аптада Алепподан 30 мың адам эвакуацияланған. Эвакуация Сирия президенті Башар Асад пен оның одақтастарының әскері Алеппоның шығыс бөлігін көтерілісшілерден қайтарып алған соң Ресей мен Түркияның арағайындығымен қақтығысты тоқтату туралы келісімге сай жасалып жатыр.

Алеппо қаласын 2012 жылы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы басып алған. Соңғы үш жылда соғыс салдарынан мыңдаған адам Алеппоны тастап кеткен.

Еске салайық, 19 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Алеппода адам құқықтарын сақтауға бақылауды қамтамасыз ететін резолюцияны қабылдаған еді. Ресей бұл резолюцияны қолдады. Бұған дейін БҰҰ екі жыл қоршауда болған шығыс Алеппода үкімет әскері бейбіт тұрғындарға зәбір көрсетуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Сондай-ақ, кейбір батыс елдері мен БАҚ-тар ресейлік және сириялық авиацияны бейбіт тұрғындардың қазасына әкеп соғатын әрекеттері жайлы айтқан еді. Ал өз кезегінде сириялық және ресейлік билік мұндай хабарламаларды бұрмалау деп атады.

Ұлт порталы