21 шіл, 2017 сағат 12:14

«Алаш» партиясы туралы бірер сөз

Абайдың «Болды да партия, ел іші бүлінді» дегені – жікшілдік туралы сөз. «Алаш» партиясы, керісінше, ұлтты бір мақсат, бір мүдденің түбіне біріктірген партия. ІІ Николай тақтан бас тартқан соң, князь Львов, кейіннен Керенский басқарған Уақытша үкімет Ресейдің мемлекеттік құрылымын жаңа сипатқа өзгертуді ойлады. Ресейдің қандай болуы керектігін халық шешсін деді. «Халық» дегеніңіз шартты ұғым, сондықтан халық сайлаған өкілдер Ресейдің Құрылтай Мәжілісін өткізіп, сол жерде бір шешімге келуі керек-ті. «Қазақ» газетінің «Құдайдан соңғы үміт Құрылтай жиналысында» деп жазатыны сол. 

Құрылтай өткізу идеясы – Уақытша үкіметке тиесілі емес. Ол Патшалық режим іріп-шіри бастағанда, сол кезде демократияшыл саналатын күштердің аузында жүрген пікір еді. Бірақ, сол Құдайдан соңғы үміттің күні кешеуілдей берді, кешеуілдей берді. «Мемлекеттік құрылымның формасы қандай болуы?» деген сауалға сол кезде екі-ақ жауап бар еді. Ресей – унитарлы болуы керек, Ресей – федерация болуы керек. Өздерін демократ, озық ойлы санайтын күштердің өзі федерацияны ауызға алғандарды «сеператист» деп айыптап жатты. Мәселен, Әлихан мүше болған, Ресейді құқықтық мемлекетке айналдыруды көздеп келген Конституциялық демократиялық (Кадет) партиясының өзі саяси-құқық саласының білгірі Кокошкинді алға салып, Ресейдің федеративті болуына қарсы шықты. Олардың сол уақытқа дейін жасырып келген картасы ашылғанда, Әлихан бұл партиядан бас тартты. 

1917 жылы 21 шілдеде (қазіргі күнтізбемен 3 тамыз) Орынборда жалпықазақтың І съезі басталды. Съезде «Алаш» партиясын құрып, Бүкілресейлік Құрылтай мәжілісіне қазақ азаматтары осы партияның атынан ғана сайлауға түсуге шешім шықты. Ол кезде алты облыста (Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария) қоныстанған қазаққа Құрылтай жиналысынан 43 орын тиюі мүмкін еді. 43 делегат қазақтың мүддесін қорғап, Ресейдің федеративті құрылымын жақтап, қазақ автономиясын алуға күш салуы тиіс болатын. 

Уақыттың тығыздығына байланысты партия бағдарламасының жобасы ғана жарияланып үлгерді. Соған қарамастан, партияның мақсат-мұратын «Қазақ» және «Сарыарқа» сияқты газеттер жан-жақты түсіндірді. Партияның облыстық және уездік бөлімдері құрылды. Ел ішінде үгіт-насихат жүрді. Мысалы, «Сарыарқа» газетінің жазуынша, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сияқты ұлтшыл қазақ жастары ел ішінде партияның үгітшісі болған. Бірақ, алты облыстың бәрінде бірдей сайлау өтіп үлгермеді. Сайлауы аяқталған облыстардың түгелінде дерлік «Алаш» партиясы ең көп дауыс жинады. 
«Алаш» партиясының жеңісі – жалпықазақтың осы бағытты қолдайтынын білдіргенімен, Ресейдің Құрылтай Мәжілісі күткен уақытта өтпеді. Билікке большевиктер келіп, 1918 жылдың 5 қаңтарында басталған Мәжіліс Лениннің тікелей тапсырмасымен таратылды. Өйткені, Мәжіліске сайланған 707 депутаттың 410-ы эсер партиясына тиесілі еді. Большевиктер 175 қана дауыс алған, билікке қанды жолмен келген оларға бұндай мәжілістің түкке керегі жоқ болатын. 

Құрылтай Жиналысы таратылған соң, «Алаш» партиясының ісін жалғастырудың да мәні қалмаған. Бұл кезде қазақтың мүддесін қорғау үшін саяси сахнаға Алашорда үкіметі шыққан еді.

Болат Мүрсәлімнің фейсбуктағы жазбасынан