07 қаз, 2017 сағат 18:44

"Ақыл - Құдайлық ақиқатты танудың өлшемі..."

Дін - Құдайлық аянға негізделген сенім жүйесі болғанымен оның тәжірибесінде адамдық фактор бар. Яғни дінді ұстанушы адам. Құдайлық ақиқатқа гегемония жасап, ақыл ойға тұсау салу - дінді қоғамда проблеманың көзіне айналдырып жібереді. Сондықтан ақыл - Құдайлық ақиқатты танудың өлшемі. Тіпті уахиды ұғудың жалғыз эпистемологиялық негізі. Ақылға салма, дін бұйрықтары ақылға салынбайды деп айту - әһлі хадис өкілдерінің методы. Әбу Ханифаның теологиялық түсінігінде ақыл басты орында. Сондықтан да Ирак ғұламаларын әһлі рай (ойға салушылар) деген. Құранның не хадистің мазмұнын ақылға салмау, тек қана белгілі бір имам мен ұстаздың ғана тәпсіріне байлау - фундаментализм. Аятты жоққа шығармайынша адамды діннен шығара алмаймыз. Ал аятқа қатысты әртүрлі пікірдің болуы заңдылық.

Шарты захири мағынаға қайшы келмеуі. Тәуилге, ақыл қорытындыларына қарсы шығу - догматизмді, дүмшелікті туғызады. Мұның келесі сатысы сол догматтарды қабыл алмағандарды, пікірімен келіспегендерді айыптаумен көрініс табады. Мұның радикал формасы - тәкфиршілік (күпірлікпен айыптау). Яғни, экстремизмге өту процесі. Ол нақты әрекетке айналғанда ксенофобия мен терроризмді туғызады. Дін түбінде ғайыпқа деген сеніммен көрініс табатын дүниетаным болғанымен ғайыпқа иман келтірудің шарттары да қисынға негізделуі керек.

Мысалы Алланы ешкім көрмесе де болмыс атулының бастауында міндетті болмыстың тұруын ақыл шарт деп қабылдайды. Мухаррик әууал (Первопричина) сынды Құдай жайлы түсінік таза рационалды пайымнан бастау алатын философиялық қорытынды. Сол секілді дін шарттары да қисыннан шықса адамның жаттануын туғызады. Діни сана сезімді рационалды һәм адамсүйгіштік жолға салмай, тек бір топтың мүддесіне жығып беретін болса қауіптің көзіне айналады. Ақылға салуға болмайды деушілер үлкен қасіретке жол ашып жатқанын ұқпайды.

Асылтай Тасболаттың фэйсбуктағы жазбасынан