11 ақп, 2019 сағат 17:58

Ақтаудың бас судьясы қызметінен қуылды

Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев сот әдебіне жат әрекет жасағаны үшін қызметінен босатылды, деп хабарлады Lada.kz Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шешімді 7 ақпанда судьялар алқасының тәртіптік комиссиясы қабылдаған. Комиссия Каспий теңізі жағалауында коттедж салу кезінде Мәлік Кенжалиев Өзбекстан азаматтарын жалдағанын анықтаған.

"Екі жыл бұрын жұмыс беруші атқарылған жұмысқа 3,6 миллион теңге төлеуге келіскен, алайда жартысын ғана төлеген, 1,8 миллион теңге қарыз болған. Бригадир судьядан бірнеше рет телефонмен және SMS арқылы қалған соманы қайтаруды сұраған. Бірақ судья төлеуден бас тартып, құрылысшыларды балағаттап, түрмеге отырғызамын деп қорқытқан", - деп түсіндірді басылым.

Облыстық соттың баспасөз қызметі Судьялардың әдеп кодексінің 1-бабына сәйкес, судья өзінің антына адал болуы, этикалық нормаларды қатаң сақтауы және сот билігінің беделін төмендететін және судьяның беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуы тиіс деп атап өткен.