08 там, 2018 сағат 09:38

АҚШ-тың Иранның ядролық бағдарламасынан шыққаны өкінішті - Әбдіқалықова

ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилумен кездесті. Бүгін елшінің дипломатиялық миссиясы аяқталып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз сөзінде Г.Әбдіқалықова елшінің қызметі үшін алғыс білдіріп, осы уақыттың ішінде біраз шаралардың атқарылғанын жеткізді. "Иранның президенті бірнеше рет келіп кетті. Біздің Елбасымыз да сапармен барды. Сол кезде индустиялдық-инновациялық және сауда-экономикалық келісімдерге қол қойылды. Жобалардың жалпы құны - 1,3 млрд теңге. Қазіргі кезде осы саладағы жұмыс атқарылып жатыр. Ал Қазақстан мен Иранның арасындағы сауда-саттық бір жылда 550 млн долларға жетті. Дегенмен, он жыл бұрын аталған көрсеткіш 2 млрд доллар болған. Сондықтан әлі де біраз жұмыс жасау қажет. Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында уақытша сауда аймағын құру туралы келісім рәсімделген болатын. Соның аясында екіжақты сауда айналымы артады деген үміт бар", - деді Г.Әбдіқалықова.


Бұдан бөлек, Мемлекеттік xатшы Иранның ядролық бағдарламасына да тоқталды. "Өкінішке қарай, АҚШ Иранның ядролық бағдарламасынан шығып кетті. Біздіңше, аталған мәселелер дипломатиялық жолмен шешілуі керек. Әрине, басқа мемлекеттердің ол келісімді қолдап отырғаны бізді қуантады. Қазақстан осы құжатты әзірлеу шараларына белсене атсалысты. Сондықтан біз келісімнің ары қарай іске асуына мүдделіміз", - деп атап көрсетті Г.Әбдіқалықова.


Елші Моджтаба Дамирчилу қазақ xалқының қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп,  Қазақстанды қимай қоштасып жатқанын жеткізді. "Осы уақыттың ішінде Қазақстан менің екінші үйім болып кетті. Дегенмен, дипломатиялық миссиямның аяқталуына байланысты өз еліме қайтуым қажет", - деді М.Дамирчилу. Оның айтуынша, төрт жылдың ішінде Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жандана түсті. Оған екі ел басшыларының өзара сапарлары үлкен серпін берді. "Әсіресе, көлік саласын ерекше атап өткен жөн. Бізде теміржол болсын, автомобиль жолдары болсын, жүк тасымалы бойынша біраз шаралар атқарылды. Сосын екі елдің сауда палатасын құрдық. Сөз жоқ, ол да өз үлесін қосып келеді", - деп атап көрсетті М.Дамиричилу.