14 қыр, 2018 сағат 10:37

АҚШ Скрипальдің улануына байланысты Ресейге "қатаң санкция" салмақ

Солсберидегі Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипаль уланған орын.

АҚШ Мемлекеттік департаменті қараша айында Ұлыбританияның Солсбери қаласында жүйке жүйесін зақымдайтын химиялық "Новичок" затын қолданғаны үшін Ресейге қарсы "қатаң санкциялар" салатынын мәлімдеді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Департамент өкілі Маниша Сингх қатаң санкциялар Мәскеу бұған дейін қойылған талаптарды орындаудан бас тартқан жағдайда салынатынын ескертті. АҚШ осыған дейін Ресейден химиялық қаруды қолданбайтынына кепілдік беруді және өз зертханаларына шетелдік бақылаушыларды жіберуді талап еткен. Сингх "әлемдік қауымдастық Ресей саясатына, әсіресе өз азаматтарына қастандық жасап, өлтіріп жатқан кезінде төзбеуі тиіс" екенін айтты.

Санкциялар АҚШ-тың 1991 жылы қабылданған, химиялық және биологиялық қару қолданған елдерге қарсы шаралар қолдануға міндеттейтін заңына сай салынбақ. Вашингтон мұндай санкцияны бұған дейін Сирия үкіметіне оның "бейбіт тұрғындарға химиялық қару қолданғаны үшін" салған.

Тамызда АҚШ Ұлыбританияда Ресей экс-тыңшысы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның улануына байланысты Ресейге алғашқы "жеңіл" санкциясын енгізген. Санкция бойынша, Ресейге азаматтық және әскери мақсатта бірдей қолданылатын өнімдер мен АҚШ ұлттық қауіпсіздігі саласымен байланысты тауар және технологияны экспорттауға тыйым салынған. Бұған қоса, Ресейге мұнай-газ саласына қатысы бар электроника, технология мен қосалқы құрылғылар жеткізуге де шектеу қойылған.

Болжам бойынша, санкцияның екінші кезеңінде АҚШ пен Ресей арасындағы санкцияға іс жүзінде толықтай эмбарго қойылады. Сонымен қатар, Ресейге авиациялық турбиналар жеткізуге және "Аэрофлоттың" АҚШ-та ұшуына тыйым салынбақ.