05 шіл, 2017 сағат 11:43

АҚШ Пхеньянның баллистикалық зымыран ұшырғанын растады

Солтүстік Корея ұшырды делінген "Хвансон 14" типті құрлықаралық баллистикалық зымыран. 4 шілде 2017 жыл.

АҚШ президентінің әкімшілігі Солтүстік Кореяның құрлықаралық баллистикалық зымыран ұшырғаны туралы мәлімдемесін растады. Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ын сынақты "Трамп әкімшілігіне АҚШ-тың тәуелсіздік күніне жасалған сыйлық" деп атаған. Ақ үй барлық күш-жігерді ұлғайып келе жатқан қауіп-қатерге қарсы іс-қимылдарға жұмсайтынын мәлімдеді.

Солтүстік Корея зымыран ұшырған соң сәрсенбіде АҚШ пен Оңтүстік Корея Корей түбегінің шығыс жағалауында біріккен әскери жаттығу өткізіп, баллистикалық зымырандар атты.

Пхеньянның мәлімдеуінше, "Хвансон 14" типті зымыран "ауыр ядролық оқтұмсықты" АҚШ-тың құрлықтағы территориясына жеткізе алады. Сейсенбідегі ұшырылымда зымыранның алғашқы екі басқышы сыналған. Сонымен қатар зымыранның басқы бөлігінің атмосфераның тығыз қабатына екінші қайта енгенде жоғары температураға және тербелуге төзімді екені анықталған.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі сәрсенбіде АҚШ-тың сұрауы бойынша Солтүстік Кореяның зымыран сынауына байланысты Корей түбегінде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін шұғыл жиын өткізбек. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш Пхеньянның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзып, зымыран және ядролық қару жасау әрекеттерін қатаң айыптады. Гутерриш сонымен қатар Солтүстік Корея басшылығын арандатпауға және халықаралық міндеттемелерін толық орындауға шақырды.