08 қаз, 2018 сағат 17:57

Ақорданың диалогтық алаңдары іске қосылды

Биыл Ақорданың ішкі саяси блогы белсенді түрде түрлі топтармен диалогтық алаңдарды online-offline түрінде құруға кірісіп кетті.

Өткенгі жылдың желтоқсан айында ҚМДБ-на жаңа Бас мүфтиі болып Серікбай Ораз келді.

Оны 5 күннен соң президент қабылдап, дәстүрлі дінді дұрыс насихаттау мәселелерін көтерген болатын. Ол кездесуге президент әкімшілігінің басшылығы да қатысқан болатын. Бұл кездесуді ресми БАҚ барынша маңызды етіп беруге тырысты.

Биылғы жылдың наурыз айының 12-сі күні жиырма жылдан астам уақыт бойы Жазушылар одағын басқарған Нұрлан Оразалинның орнына Ұлықбек Есдәулет келген болатын.

Кеңестік дәуірден бері шығармашылық ортаның шоғыры болып келе жатқан, ұлттық мүддені анықтап, оны мемлекеттік саясат ретінде қалыптастыруға әсер ететін институт болып табылатын одаққа және оның құрылымдарына жас әрі белсенді топ келді. Бұл қадам кемінде соңғы 15 жыл істен шығып тұрған институтты іске қайта қосу болып табылады.

Сәуірдің 4-і күні Дархан Кәлетаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды. Маусым айының соңында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің атауы Қоғамдық даму министрлігі деп өзгертілген болатын.

Белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым тамыздың 27-сі күні Қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалады. Ол оппозициялық «Жаңа Қазақстан» форумының ұйымдастырушыларының бірі екенің ескерсек, бұл тағайындау шын мәніңде де қоғамдық дамудың факторының бірі болса керек.

Маусымның 5-і күні қоғам қайраткері, «Қазақстанның демократиялық таңдауы», «Алға» партиясының бұрынғы көшбасшыларының бірі Асылбек Қожахметов «Қазақстанның Азаматтық альянсы» бірлестігінің президенті болып тағайындалды. Бұл да азаматтық қоғаммен байланысты күшейту үшін қабылданған шешім.

Асылбек Қожахметов мықты ұйымдастырушы ретінде Үкіметтік емес ұйымдар менен билік арасындағы көпір рөлін атқаруда. Жыл аяғына жоспарланып отырған Азаматтық форумы да осының нақты көрсеткіші болмақ.

Рауан Бұғыбаев, саясаттанушы

Tarlan.kz