19 там, 2019 сағат 06:27

Аида Балаева: Кез келген мәселені кешенді түрде шешу керек

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Ғалымқызы Балаева Қарағандыдағы Nur Otan партиясының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Egemen Qazaqstan» газетіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, азаматтарды қабылдау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров, Nur Otan партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, облыс прокурорының орынбасары Данияр Айтмұхаметов, полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиәкпаров, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров және аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері қатысты.

Президент көмекшісімен кездесіп, өздерін мазалап жүрген мәселелерді көзбе-көз айтып, сонымен қатар мемлекет басшысына өтініш-тілектерін тікелей жеткізуді ниет білдірген облыс тұрғындарының қарасы мол болды. Айта кететін бір жайт, Аида Балаева ханымның алдына келіп, арызын айтқан азаматтардың басым көпшілігін баспана мәселесі толғандыратын болып шықты.

Бірі ұзақ жылдардан бері кезекте тұрса да, арман қылған қайран пәтерге қол жеткізе алмай келе жатса, енді бірі еңбекақысының аздығынан ипотекалық несиенің алғашқы жарнасын төлей алмай пұшайман болып жүр екен.

Теміртау қаласының тұрғыны Шолпан Әбілова, Қарағандыда тұратын Әлия Рымбаева, Жұлдыз Достаева, Айтбала Әлімбаева, Ракеш Хасенова және басқа да азаматтардың баспана мұқтаждығы туралы көздің жасын төгіп айтқан өтініштерін мұқият тыңдаған Аида Ғалымқызы қамкөңіл жандарды сабырға шақырды.

«Мен сіздердің проблемаларыңызды жақсы түсінем. Дегенмен, дәл осы жерде отырып сіздерге көмектесем деп құрғақ уәде бергім келмейді. Неге десеңіздер, жылдар бойы пәтер кезегінде тұрғандарды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды ысырып тастап, олардың құқығын таптауға болмайды. Сондықтан, сіздер қазір еліміз бойынша іске асырыла бастаған «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысуларыңыз керек. Бұл тарапта сіздерге заң аясында мүмкін болған көмектің бәрі көрсетіледі. Сіздер көтерген мәселелерді хаттамаға тіркетіп, тиісті орындар алдына әрқайсысы бойынша нақты міндеттер қойылатын болады», - деді Аида Балаева.

Президент көмекшісімен кездесуге мүмкіндігі шектеулі жандар, асырауында мүгедек немесе ауыр дертке шалдыққан балалары бар аналар да көптеп келді. Теміртау қаласының тұрғыны Жәнібек Байтоков мүгедек жандарға қатысты шешімін таппай келе жатқан көптеген мәселені қозғады. Мәселен, ол арбаға танылған мүгедек жан шипажай-курорттық емге барғанда оны алып жүретін адамға ақша төленбейтінін ашына айтты. Ал Қарағанды тұрғындары Айман Дүскенова арбашадағы мүгедек баласын, Самал Мәнжібаева церебральды сал ауруына шалдыққан баласын емдеуге материалдық көмек сұрады.

Айта кету керек, азаматтарды қабылдау барысында туындаған сұрақтар, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлері өтініш иелеріне қолма-қол жауап беріп немесе заңдық тұрғыдағы қажетті ақыл-кеңес көмегін көрсетіп отырды. Бұл ретте қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің сұрақтың басым көпшілігі баспана мәселесіне тірелгендіктен, әңгімеге жиі араласуына тура келді. Тіпті, Аида Ғалымқызының өзі қала басшысының түрлі сұрақтарға, әр мәселеге қатысты берген сауатты, нақты және заңға сүйенген жауаптарына сүйсініп, «Өз міндетін өте жоғары деңгейде меңгерген әкім» деген баға берді.

Президент көмекшісінің алдына келіп мұң ақтарған жандардың ішінде медициналық қызметтің сапасына, дәрігерлердің біліктілігіне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілудегі кемшіліктерге сын айтқандары да көп болды. Осы ретте Аида Ғалымқызы облыстық денсаулық сақтау басқармасына медициналық мекемелердегі қызметкерлерді аттестациядан өткізіп, медициналық қамтамасыз ету бойынша толықтай сараптама жасау керектігін тапсырды.

Аида Балаеваның қабылдауына келген жандардың арасында атаулы әлеуметтік көмекті қайтсем алам, ол қандай жағдайда беріледі деген сияқты қарапайым сұрақтарды қойғандары да болды. Бұған жауап бере отырып, Президент көмекшісі тұрғындар арасында осы бағыт бойынша түсінік жұмыстарының кеңінен жүргізілуі керектігін айтты. «Nur Otan партиясының филиалы, облыстық, қалалық қоғамдық кеңестер бұл бағытта қоғамдық қабылдаулар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, халықты әлеуметтік салада болып жатқан оң өзгерістермен таныстырып отыруы қажет», деп атап өтті Аида Ғалымқызы.

Қабылдауға соңғылардың бірі болып кірген жергілікті «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Жанат Жаңқашұлы өзінің туып-өскен Сарыобалы ауылында су мәселесінің өткір тұрғанын, ұялы телефон байланысының жоқтығын жеткізді. Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта қазақ баспасөзінің қиын жағдайды бастан кешіп жатқанын айтып қынжылыс білдірді. «Егер, жарнаманың қазақ тілінде берілуі міндеттелсе, онда ана тілінде шығатын газеттер өз күнін өзі көре алатын дәрежеге жетер еді», - деді ол.

Азаматтарды қабылдау рәсімінің аяғына таман Аида Балаева осы кездесу барысында тұрғындардың жеке мәселесі, олар көтерген проблемалардың барлығы жіті назарда болатынына тағы да уәде берді. Таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейінгі аралықта Аида Балаева өткізген қабылдауда 100-ден аса адам болды.

«Негізі, қандай да бір мәселені жеке алып қарағаннан гөрі оны кешенді түрде шешуге ұмтылғанда ғана іс оң нәтиже береді. Ел де біздің жұмысымызды осындай игі қадамдар арқылы бағалайды», - деп түйіндеді сөзін Аида Балаева ханым қабылдауға қатысқан лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне қарата.

***

Жұмыс сапарының екінші күні Аида Балаева Қарағанды облысының ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен, сонан кейін жастармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құрды. Қарағанды экономикалық университетінде өткен кездесуге жергілікті ЖОО оқытушы ғалымдары, театр әртістері, БАҚ өкілдері, жазушылар қатысты. Кездесуді ашқан Аида Балаева Қарағанды қаласына келген жұмыс сапары жайында, кешегі күні тұғындарды қабылдау кезінде алған әсері мен түйген ойлары туралы қысқа да нұсқа айтып берді. Сондай-ақ, осы кездесуден не күтетінін де жеткізді.

«Сіздер жұртпен етене араласып жүресіздер, елдің мұңы мен тілегін жақсы білесіздер. Сондықтан, бүгінгі бейресми жағдайдағы кездесуде сіздердің жүйелік сипаттағы ұсыныстарыңыз бен өтініш-тілектеріңізді тыңдағым келеді», - деді Аида Балаева.

Аталған басқосуда алғашқылардың бірі болып сөз алған С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов өнер саласындағы біршама мәселелер туралы айтып өтті. Театр және кино актері бүгінгі күнде осы салада кадр мәселесінің өте өткір тұрғанын тілге тиек етті.

«Қызметтік баспана болмаған соң, театрға жастар келе бермейді. Біздегі ең үлкен мәселенің бірі осы», - деді Қ.Кемалов.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков журналистер мәртебесі туралы мәселені көтерді.

«БАҚ өкілдері не бюджеттік, я болмаса мемлекеттік қызметке жатпайды. Мәртебесі болмаған соң, көп жағдайда есесі кетіп жүреді. Мәселен, жас журналистер ипотекалық несие алайын десе, мәртебесі болмаған соң түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды», - деді ол.

Сонымен қатар, жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары осы саладағы күн тәртібінде өткір тұрған мәселелер жайын қозғады. Әсіресе, олар жағдайы жасалмағандықтан жас ғалымдардың шетелге кету үдерісінің үдеп бара жатқанына қынжылатындықтарын жеткізді. «Болашақ» академиясының кафедра меңгерушісі Ақылбек Қабжанов жағдай осылай жалғаса беретін болса, тіпті жастары 50-ден асқан ғалымдардың өзі шет мемлекеттерге көшіп кетуі әбден мүмкін деген күдік айтты.

«Жас ғалымдарға көңіл бөлмейінше, біздің ғылымның болашағы бұлыңғыр болмақ. Содан кейін айтпағым, жекеменшік жоғары оқу орындарын реті келсін-келмесін тексере беруге тыйым салынса екен. Оларды қолдаудың орнына, тұқырта бергеннен түк те өнбейді», - деді оқытушы ғалым.

Сондай-ақ, кездесуде «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын студенттер санының артуы жатақханада орын жетіспеушілік мәселесінің туындауына әкеп соққаны айтылды. Серпіндіктерді оқу бітірген соң міндетті түрде жұмысқа орналастыру да ЖОО-ларға ауыр тиіп жатқан көрінеді. Осы жайындағы мағлұматтарға қаныққан Аида Ғалымқызы «Серпін» бағдарламасының тұғырнамасын бүгінгі күн талабы тұрғысынан қайыра бір таразылаудың уақыты жеткенін айтты.

Кездесудің соңына таман Аида Балаева оқытушылардың жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі рөлінің аса маңызды екендігіне назар аударды.

«Бүгінгі жастарымыз білімді, мәдениетті және рухани тұрғыда өте бай болулары керек. Жастар оқу-білімге тартылмаса, жұмыспен қамтылмаса, қоғамдағы өз орнын таппаса, онда міндетті түрде психологиялық дағдарысқа душар болады. Әсіресе, ауылдық жерлерден қалаға келген жастар қоғамдық өмірде әлеуметтік тұрғыда бейімделе алмай, өкінішті жайттарға ұрынып жатады. Сіздер мен біздің міндет – мұндай рухани құлдыраудың алдын алу», - деді Аида Ғалымқызы.

Бұдан кейін Аида Балаева Қарағанды қаласындағы Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және облыстың белсенді жастарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Кездесуде Қарқаралыдағы М.Әдекенов атындағы колледждің студенті Дәурен Рахымбек келер жылғы «Волонтерлер жылында» еріктілерге мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе деген тілек айтты. Бұл тақырыпты іліп әкеткен облыстық жастар ресурсы орталығының қызметкері Қуандық Мерей осы жылы волонтерлерге бөлінетін стипендиялар ЖОО студенттеріне ғана емес, колледж және мектеп оқушыларына да берілсе деген пікір білдірді. Сондай-ақ, белсенді жастардың бірі, дәстүрлі әнші Меруерт Башай атамекенге оралған қандастарымыздың күнделікті өмірде кездесетін проблемалары туралы әңгіме қозғады. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өздеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін қалайтындықтарын жеткізді.

Жастардың осы және басқа да ұсыныс-тілектерін зер салып тыңдаған Аида Балаева бұл айтылған мәселелердің қолына жазбаша түрде тигеннен кейін міндетті түрде сараптан өткізіліп, қаперге алынатынына уәде берді.