13 нау, 2017 сағат 10:41

Әбибуллаевты СІМ жүйесінде қалдыруды жоспарлап отырмыз - Әбдірахманов

Қайрат Әбдірахманов Алтай Әбибуллаевты ҚР Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызметте қалдыруды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. 

"Оның тәжірибесі мен соңғы 20 жылда сыртқы саяси ведомствомызға қосқан үлесін есепке ала отырып, оны Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызметте қалдыруды жоспарлап отырмыз. Заңнамамызға сәйкес, Алтай Әбибуллаевты жұмысқа тұрғызуда ешқандай кедергі жоқ", - деп хабарлады министр Әбдірахманов.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстанның Польшадағы бұрынғы елшісі Алтай Әбибуллаевтың шаруашылық жүргізуші субъектінің коммерциялық қызметіне араласуға әрекеттену түрінде мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны белгілі болған еді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

2017 жылы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Алтай Ибрагимұлы Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылған.