14 қыр, 2018 сағат 12:55

«7,5 жыл болып қалды». Қасымов министр болып ұзақ отыруы туралы пікір білдірді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа бір ведомство басында қаншама жыл отырғанын айтып, отставкаға қашан кететінін сұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Ұзақ жыл отырғаныма қатысты айтсам, 7,5 жыл болып қалды. Үш рет Үкімет құрамынан кетіп, үш рет қайта келдім. Үкімет ауысқаннан кейін бәріміз баянат тапсырып, отставкаға кеттік. Содан соң бізді қайта тағайындады», - деді Ішкі істер министрі Қасымов.

Еске сала кетсек, ведомство басшысы Денис Теннің өлімінен кейін халықтың отставка талап етуіне қатысты жауап берді.

«Біз - әскери адамдармыз. Қайда бұйырса, сонда жұмыс істейміз. Үкімет қалай шешеді, солай болады», - деп айтты министр.

Айта кетсек, 2011 жылдың 11 сәуірінде Ішкі істер министрі лауазымына Қалмұханбет Қасымов келген болатын. Содан бері өзі айтқандай 7,5 жыл өткен.

Еске сала кетсек, Қасымов Денис Тен өліміне күдіктілерді ұстауға қатысты мәліметтің бәрін Президентке баяндап отырғанын айтты.

2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапқан болатын.

Спортшыны өлтірді деген күдікпен Нұралы Қиясов және Арман Құдайбергенов қамауға алынды.