15 сәу, 2020 сағат 13:21

Жыл соңына дейін 643 ауыл Интернет желісіне қосылады

Осы жылдың соңына дейін 643 ауыл Интернет желісіне қосылады. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні төтенше жағдай кезінде Интернет жүйесі ең қажетті құрал болып отыр. Сондықтан халық арасында әлеуметтік жүйелерде Интернеттің сапасы жайында көптеген мәселелер туындауда. Осыған байланысты, Интернеттің үздіксіз және сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында еңбек етіп жүрген алдыңғы қатарлы байланыс операторларының басшыларымен бірге, Интернеттің бүгінгі жағдайы туралы сіздерді хабардар етпекшіміз. Біздің министрліктің салалық мемлекеттік орган ретіндегі негізгі міндеті - әрбір қазақстандықтың жоғары жылдамдықты Интернетке қосылу мүмкіндігін қамтамасыз ету телекоммуникация қызметтері нарығын арттырып, қызметтердің басқа да түрлерін ұлғайтып, тұтынушылардың сұранысын жауып, ел экономикасын көтеру болып саналады. Бұл орайда, осы міндетті орындау мақсатында байланыс операторларымен бірлесе отырып, бірқатар жобалар іске асырылуда», - деді ол. 

Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы «Байланыс туралы» Заңға сәйкес, байланыс операторлары өз қаражаттары есебінен байланыс жүйелерін салу және дамытуды іске асырады. 

«Бұл жұмыс 2018 жылы басталған болатын. Екі жыл ішінде көп жұмыстар атқарылды. Жалпы жоба бойынша 1250 ауылды Интернет желісіне қосу жоспарланса, бүгінгі таңда 607 ауыл қосылған. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын тауып, қалған 643 ауыл жыл соңына дейін Интернет желісіне қосылатын болады», - деді ол.