11 ақп, 2020 сағат 11:54

Жыл сайын қайталанады – Аймағамбетов мектептерге оқулық жеткізу проблемасын шешпек

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге оқулық жеткізуге қатысты жыл сайын қайталанатын проблеманы шешпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын бізде оқулықтарды жеткізу (мектептерге) бойынша проблема туындайды. Сол себепті осы жылдың 31 наурызына дейін оқулықтарды жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмысын аяқтауды тапсырамын. Әдеттегідей, шілде немесе тамыз айларына дейін күтудің қажеті жоқ. Олай етсек, жыл сайын осы проблемамен бетпе-бет келе береміз. Бұл жұмысты 31 наурызға дейін атқаруға ештеңе кедергі келтіріп тұрған жоқ», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында.

Министр бұл бағыттағы жұмысты бақылауды өзінің орынбасары Шолпан Қариноваға тапсырып, қаржыландыру және мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгеріс енгізуді, артынша тиісті конкурсты өткізуді тапсырды.

«Жеткізу бойынша проблема жыл сайын қайталанады», - деді ол.

Ведомство басшысы сонымен қатар контингенттің өзгеріп бара жатқанын есепке алуды ескертті.

«2019 жылы бірінші сыныпқа келген балалардың саны 2018 жылы келгендерден көп. Келесі жыл олардың саны одан да көп болмақ. Тиісінше бірінші сыныпқа қажетті оқулықтарға тиісті қаражатты алдын ала қарастыруымыз керек. Бала туу көрсеткіші жоғары. Сол себепті алдымен контингентті анықтап алған абзал», - деді ол.